Шетелде 3 мыңнан аса отандасымыз жазасын өтеуде

06.10.2017 02:23

Шетелде 3 мыңнан аса отандасымыз жазасын өтеп жатыр. Шекара асып, қапылыста қолға түскендер түрлі жайттарға тап болған. Тіпті, кейбірінің құқығы да қорғалмай жатыр. Бұған сенат депутаты Владимир Волков алаңдап отыр. Айтуынша, жаза басқан отандастарымызға қолдау көрсетіп, оларды өз елімізге жеткізу керек. Сөйтіп, айыптарын біздің елде өтегендері дұрыс.


¤Шекара асып, өзге мемлекетке жүрген әр азамат сол елдің тәртібіне бағынулары тиіс. Бірақ түрлі оқиға тап болып, басы дауға қалғандарға қайтпек керек? Бұл ретте еліміз өзге мемлекеттермен 55 екі жақты келісімге қол қойыпты. Оған қоса Еуропаның 12 елімен де сотталғандарды беру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізген. Осы құжаттардың арқасында 3 мыңнан аса қазақстандық өз отанына орала алады.


«Қазіргі уақытта 3 мың 56 Қазақстан азаматы шет мемлекеттерде жазасын өтеуде. Ал елімізде 1 мың 278 шетелдік сотталған. Олардың барлығы құқықтық көмекке зәру. Ал бүгінгі қаралып отырған заң секілді, құқықтық құжат қабылданатын болса, олар өз Отанына орала алады», - деді Қазақстан Республикасы Парламентінің сенат депутаты Владимир ВОЛКОВ. 


¤Сенатордың айтуынша, Қазақстан жыл өткен сайын туристердің қызығушылығын тудырып отыр. 2016 жылдың өзінде елімізге 170 мемлекеттен 6 жарым миллион адам келсе, шекара асқан қазақстандықтар саны шамамен - 10 миллион. Ал қаралып отырған құжат негізінде адамдарды екінші елге беру мәселесі уақыт күттірмеуі тиіс.


«Биыл Қазақстан өзге мемлекеттердің 85 адамын өз елдеріне қайтарды. Қазір Иордания, Бразилия, Украина және Сауд Арабиямен қайта келісімге отырып жатырмыз. Бұл еліміздің халықаралық міндеттерін құқықытық деңгейде орындап жатыр деген сөз. Яғни бізге деген сенім нығайып келеді. Еуропаның 12 елімен екіжақты келісімге келіп үлгердік», - деді Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.


¤Бас прокуратураның мәліметінше, осы елдерде қиындыққа тап болған отандастарымызға құқықтық көмек көрсетіледі екен. Ал шетелде сотталған 3056 қазақстандықтың арасында Ақжарқын Тұрлыбай да бар. Қазір ол аспан асты елінде есірткі тасымалы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Ел билігі оны елге қайтару үшін бар күшін салуда. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.


Азамат Әуезхан, Олжасбек Мәден, «Алматы» телеарнасы Астанадан