Шетелге сапар шегетін әрбір қазақстандық өмірін сақтандыруға міндеттелуі мүмкін

14.11.2017 19:04

Шетелге сапар шегетін әрбір қазақстандық енді өмірін сақтандыруға міндеттелуі мүмкін. Бұл өзгеріс турагенттіктердің көмегіне жүгінбей, өз бетімен шекара асатын азаматтарға қатысты болмақ. Ал сырт елге  туроператор арқылы шығатын азаматтардың сақтандырылуы алдағы уақытта агенттіктің мойнына жүктеледі.  Демек, заң жобасында жеке азаматтың мойнына жүктелетін сома алынып тасталады. Айта кетейік, бір күндік сақтандыру көлемі 340 теңге. Бұл орта есеппен 10 мың мен  50 мың доллар көлеміндегі шығынды өтеуге мүмкін береді. Сақтандыру саласын қамтитын жаңа заң жобасын мәжіліс қабырғасында ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов таныстырды.

«Заң жүзіндегі бұл ұсыныс арнайы ұйымдардың, ассистент-компаниялардың  сақтандыруға қатысты мәселе туындаған кезінде медициналық техникалық жәрдемдесу арқылы көмекке мұқтаж азаматқа жедел түрде қол ұшын созуына мүмкіндік береді. Сақтандыру жүйесі қоғамды толыққанды қамтыған сәтте, оның бағасы ел тұрғындарына қолжетімді болады. Демек бағасы 340 теңгені құрайды. Яғни, бұл халықаралық талаптарға сай», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат ҚҰРМАНОВ.

Сонымен қатар, сақтандыру қызметінің өзге бағыттарының бағасы төмендеуі ықтимал. Онлайн -сақтандыру жүйесі халыққа тиімді болады - дейді Жанат Құрманов. Оның пікірінше, бұл ұсыныс адамдардың үйде отырып, ғаламтор арқылы кез келген сақтандыру жүйесін іске асыруға мүмкіндік береді. Әрі бүгінгі таңда іске қосылған «біркелкі база» жүйесін жетілдіруге септеседі.