Боралдай қалашығында жүз елуге жуық көпбалалы ана тұрады

09.03.2017 в 15:13

Боралдай қалашығында жүз елуге жуық көпбаланы ана тұрады. Отбасындағы күнделікті шаруасын, бала тəрбиесімен бірге  қоғамдық жұмыстарды да қоса атқарып жүрген аяулы аналардың еңбегі өлшеусіз. Айналасын мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеген аналарды ауыл әкімі емес, мектеп ұстаздары іздеп тауып, мерекелерімен құттықтады.

Әсел Әлимова 6 баланың анасы. Жасы қырыққа жетпеседе жас ана үш ұл, үш қызды өсіріп, үлгілі де көп балалы ана атанды. Оқу үлгерімдері жақсы, тәрбиелі оқушылардың анасын мектеп ұжымы арнайы іздеп, мәртебелі мерекесімен құттықтады.

Қала жанындағы Боралдай қалашығында 150-ге жуық көп балалы, 200-ден астам жалғызбасты ана тұрады. Өмірдің қиындығына қажымай, артылған міндетке мойымай жүрген жандарды жинап, әуелете ән салған балақайлар аналарға қуаныш силады.

«Аналар, арулар сіздерді көктемнің  шуақты мерекесімен құттықтаймыз. Әр отбасында қуаныш болсын. Әр әйелдің қуанышы - отбасының мерей тойы. Ұжымның және өз атымнан біздің ауданның оқу бөлімінің мамандарын мерекемен құттықтаймыз», - деді К.Әзірбаев атындағы  №15 мектептің директоры Салтанат БЕКТҰРҒАНОВА.  

Әйелдер оқу, денсаулық саласында ғана емес бизнесте де белсенділігімен көзге түсіп келеді. 35 мың халық тұратын елді мекенде  400 жуық ірі кәсіпорын мен 1300 дей шағын кәсіпкер тіркелсе, олардың жартысынан көбін нәзік жандар басқарады.

«Көп балалы аналарды құттықтап, іс-шараға оқушыларды қатыстыра отырып, концерттік бағдарламаларды жасап, аналарға сый көрсеттік. Қазір қоғамда әйелдер қауымы басымырақ. Білім саласының 90 пайызын әйелдер құрайды», - деді К.ӘЗірбаев атындағы №15 мектеп директорының орынбасары Жанна ЖЕТЕНОВА.

Қалашықтағы 5 мектепте 6 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Жас ұрпақтың жасампаз қазақ елінің білімді азаматы болуына да тынымсыз еңбек етіп жатқан ұстаздардың басым бөлігі нәзік жандылар. Бірақ көп балалы аналар мен  жалғызбасты аналар ұстаздар іздеп, құттықтап жатқан шараға ауыл әкімдігі бой көрсеткен жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы