Алматыда қаңғыбас иттерді аулау мен көзін жою ережесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін

Алматыда қаңғыбас иттерді аулау мен көзін жою ережесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қаңғыбас иттерді аулау мен көзін жою ережесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Қазір көше кезген жануарлардың иесі үш күн ішінде іздеп келмесе - өлтіріледі. Егер жаңа заң күшіне енсе, чиптері бар ит пен мысықты үш күн емес, 2 ай бойы қамау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 61 мыңнан астам үй жануарына чип орнатылған. Мамандар жыл соңына дейін оны 70 мыңға жеткізбек. Осы және өзге де жаңа ережелер қаланың қоғамдық кеңесінде талқыланды. Сондай-ақ, жаңа жоба жануар иелерінің жауапкершілігін күшейтпек. Адам көп жиналған жерлерде иттерді қарғы баусыз әкелуге болмайды. Өйткені, биыл 9 айдың өзінде 3 жарым мыңға жуық адамды ит қауып алған. Қауіпсіздік мәселесін де атқамінерлер заң шеңберіне мықтап енгізуді көздеп отыр.

«Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында екі жобаны қарастырамыз. Біріншісі, Алматыдағы ит пен мысықты ұстау мен қыдырту, екіншісі оларды жою мәселесі. Бұл жерде жануарларға адамгершілік қарым-қатынас жасау керек. Қазір оларды аулау ережесі, ұстау, иесіне қайтару, жануарлардың эвтаназиясы мен өліктерді жою мәселесі жіті қарастырылып жатыр. Ұсталған жануарлар туралы ақпаратты әлеуметтік желіге салу ойда бар. Бұл иелеріне ит пен мысықтарын оңай табуға көмектеседі»,-деді Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы, Айдын КЕРІМБЕК.

Бұдан былай иттерді балалар мен спорт алаңдарында, балабақша және мектеп, емдеу мекемелері маңында қыдыртуға тыйым салынуы мүмкін. Қазіргі таңда, ветеринарлар үй жануарларын тіркеу мен жұқпалы дерттің алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Биыл 9 айдың ішінде 40 мың ит пен мысыққа вакцинация жүргізіліпті.


Новости партнеров