Курчатов қаласының 24 жастағы тұрғыны кейтеринг қызметін дамытып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бастау-бизнес» бойынша арнайы курстан өткен курчатовтық Зүлфия Зиминова елден ерекше кәсіп түрін таңдаған. Ол кәсіп «кейтеринг» деп аталады. Кейтеринг қызметі орын таңдамайды. Үй болсын, демалыс аймағы мен кәсіпорын ғимараты болсын, кез келген жерде банкет ұйымдастырып, фуршет жасап береді.
«Курчатов – шағын шаһар. Негізінен, мұнда ғалымдар өмір сүреді. Олар түнге дейін жұмыс істейді, сондықтан, ас әзірлеуге уақыттары болмайды. Осы жайтты байқаған қызым кейтеринг қызметіне бет бұрды», – дейді жас кәсіпкер Зүлфияның анасы Шолпан.
Зүлфия Зиминованың отбасы Курчатов қаласына Шымкенттен 10 жыл бұрын көшіп келген. Самса мен палау, тандыр сияқты шығыс тағамдарын жақсы пісіреді. Осы қабілеті оны жаңа саланы қорықпай таңдауына негіз болған.
«Бастау» бағдарламасы арқылы жобамды сәтті қорғап, 1 млн 230 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алдым. Ол қаражатқа салтанатты дастарханға арналған ыдыс-аяқ, тандыр пешін, кондитерлік пеш пен мангал сатып алдық. Ауданы 64 шаршы метр болатын ғимаратты жалдап, ішіне бойлер орнаттық. Бәрінен де кәсіби аспаз табу қиын болды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы екі әйелді таптық. Қазір олар күндіз жұмыс істеп, кешкі уақытта аспаз шеберлігін оқып жатыр. Күніне кем дегенде 350 дана нан-тоқаш өнімі сатылады», – дейді Зүлфия Зиминова.
«Күнделікті жұмысты таңғы төрттен бастаймыз. Тұрақты клиенттеріміз бар. Таңертеннен шай, тоқаштар, ыстық нан, самса, пирожки дайындап қоямыз», – дейді 24 жастағы бойжеткен.
Кәсіпкер қыз болашақта бұл ісін кеңейтіп, «пиццерия» іспеттес орын ашқысы келеді. Ойын-сауық орындарына кенде Курчатов қаласы үшін бұл өте пайдалы нысан болмақ.