Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында тау-шаңғы, сноуборд, фристайл спорт түрлерінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогының кезеңдері басталды. Жарыс арнайы 28-інші дүниежүзілік универсиада қарсаңында өтуде. Әріптесім Әнуарбек Жәлел тарқатсын.
Алматыда осы күндері тау-шаңғы, сноуборд және фристаилдан Қазақстан кубогының кезеңдері өтуде. Бұл дода Универсиада қарсаңында арнайы ұйымдастырылуда. Себебі, мына трассаны спортшылар тестілеуден өткізіп, төрешілер, қызмет көрсету және басқа да персонал өздерінің жұмыстарын пысықтауда. Жалпы екі күндік додаға жүз адам қатысады деген ақпар бар.
Еліміздің әр өңірінен келген спортшылар жарыс жолын сынақтан өткізіп, бағаларын берді. Олар алдағы универсиадада Қазақстанның атынан шығатын тау-шаңғы спортындағы дарабоздарымыз.
«Трасса көңілімнен шықты. Жарыс жолы жақсы дайындалған. Кубок кезеңінде барлық болу мүмкін кемшіліктерді жойып, жүйелі түрде тестілеуден өтеді деп үміттенемін. Универсиада кезінде толығымен дайын болады деп ойлаймын»,- деді Тау-шаңғы спортынан қр жастар құрамасының мүшесі, Захар КУЧИН.
«Негізі Алматының қары әлемдегі ең тайғақ қар десе де болады. Алдағы жарыста үлкен жылдамдықтар тіркеліп, бәлкім әлем рекордтары да орнауы мүмкін»,- деді Тау-шаңғы спортынан қр жастар құрамасының мүшесі, Екатерина КАРПОВА.
Жарыс жолында жаңылмай, трассаны таза өтуін қадағалайтын арнайы мамандар да жұмыстарын пысықтап, алдағы универсиадаға жіті дайындалуда.
«Біздің жұмысымыздың басты мақсаты - спортшылардың трассаны таза өтуін қадағалау. Ағаттық кетіп жатса, белгілеп бас төрешіге бақылау нәтижесін береміз. Біздің спортшылар жарыс жолын жақсы өтіп жатыр деп айта аламын»,- деді Тау-шаңғы жарысын бақылаушы, Әлімхан ӘЛІМХАНОВ.
Алексей спортшылардың керек-жарағын жарысқа дайындайтын бапкер. Ол жарыс алдында барлық әбзел сақадай сай болу керек дейді. Бапкердің айтуынша, универсиадаға қатысатындардың құралдары шет елдік спортшылардан кем түспейді.
«Жақсы нәтиже көрсету үшін осында күні бойы балаларға қызмет етіп, білгенімізді үйретудеміз. Күнделікті қажет ететін қадамдардың бірі - шаңғыны жарысқа дайындау. Бұған арнайы шет-елден алынған құралдар пайдаланылады»,- деді Тау-шаңғы спортынан қр құрамасының қызмет көрсету бапкері, Алексей ШУБИН.
Қазақстан Кубогының кезеңін ұйымдастырушылар - спортшылар өз жерінде жақсы нәтиже көрсету үшін, трассаға дағдылану мақсатында арнайы универсиада қарсаңында өткізіп отырғанын мәлім етті.
Әнуарбек Жәлел, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы