Балмұздақ сататын дүңгіршек иелері рейдке шыққандарды көріп қашып кетті

26.04.2018 в 20:51

Балмұздақтың ащы дәмін татқан шымкенттіктер оқиғасы көпке сабақ болды. Жауаптылар көшеде тағам сататын кәсіпкерлердің жұмысын қатаң бақылауға алды. Кезекті рейдке шыққан кәсіпкерлік палатасының мамандары тәтті тағам сататын дүңгіршектерді аралап, кәсіпкерлерді арнайы талап бойынша жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды otyrar.kz.

Құйылмалы балмұздақ сататын дүңгіршек иелері кәсіпкерлер палатасының мамандарын жақтыра қоймады. Рейдке келген қызметкерлерді көре сала, дүңгіршектердің есік-терезін жауып, жұмысын тастай қашты.

Бұл қылықтарын былыққа балағандар рейд жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Кәсіпкерлер палатасының мамандарын толық тексеруден өткен балмұздақ сататын киоскі иесі қуана қарсы алды. Тіпті бұл кәсіпкер камера алдында тәтті тағам сатуға берілген барлық құжаттарын көрсетіп, түсіндіріп берді. Айтпақшы, бұл шара барысында тиісті құжаттарын көрсеткен жалғыз ғана кәсіпкер.

Заң аясында әрі сапалы жұмыс істеу үшін кәсіпкерлерге бірнеше ғана талапты орындау қажет. Бірінші жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Одан кейін тауар сатуға рұқсат қағазын рәсімдеуі шарт. Сосын тағамдарды дайындау барысында қоспасы мен тазалыққа аса мән беру керек, дейді мамандар.

Шымкентте балмұздақтан жаппай улану оқиғасынан кейін санитар мамандар да жоспарсыз тексеруді жиілетіпті. Бүгінгі күнге дейін 50-ден аса жұмсақ балмұздақ сататын дүңгіршектер тексеруден өткен болса, олардың басым бөлігінде өрескел қателіктер анықталған. Ал қауіпті инфекция таратқан сатушылар ұзақ уақытқа дейін ем-дом алуда. Ал кәсіпкердің ісін сотта қарап жатыр.