Шымкентте Астана тұрғынынан 14 млн теңге салынған сөмкені тартып алмақшы болды

07.06.2018 19:40

Шымкенттің полицейлері көлікте отырған әйелдің сөмкесін күштеп тартып алуға тырысқан күдіктілерді ізін суытпай қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

4 маусымға қараған түні Шымкент полициясына белгісіз біреулердің Астана қаласының тұрғынына шабуыл жасағандары туралы хабар түскен. Жас жігітер көлікте отырған әйелден 14 миллион теңге ақша салынған сөмкесін тартып алмақшы болған. Қылмыскерлерге көлік жүргізушісі кедергі келтірген. Алайда олар жүргізушіні пышақтап, оқиға орнынан жасырынған. Ауыр халдегі ер адам облыстық ауруханалардың бірінің жансақтау бөліміне жеткізілді. Аталмыш факті ҚР ҚК «қарақшылық» және «адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта қарақшылық шабуыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер сотталды. Полицейлер істің барлық мән-жайын және ұсталғандардың өзге қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.