ҚазАқпарат - Шымкентте 7 адам зардап шеккен жол көлік оқиғасы тіркелді. Ауыр дене жарақатын алғандардың арасында жүкті әйел мен екі жасар бүлдіршін бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі көшенің қиылысында БМВ мен Опель көліктері соқтығып, соңғысы екіге бөлініп қалған. Соның салдарынан жол көлік оқиғасынан зардап шеккен аяғы ауыр келіншек пен ер адам Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. 27 жастағы әйелдің жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Жарақат алған ер адам да осы бөлімге жатқызылды. Сондай-ақ жүкті әйелдің 2 жасар бүлдіршіні Облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда.
«Бала бас-ми жарақатын алған, осы кезде жағдай оңалып, жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырдық»,- деді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.
Қазір жол-көлік оқиғасының себеп-салдарын облыстағы ішкі істер қызметкерлері анықтап жатыр.