Шымкентте зауыт өртенді. Салдарынан қалада бірнеше көше жабылып қалған. Өрт «Электроаппарат» өндірісінің цехынан шығыпты. Қызыл жалынды ауыздықтауға 50-ге жуық өрт сөндірушілер мен 8 арнайы техника жұмылдырылған.
«Электроаппарат» зауыты әп-сәтте күлге айналды. Куәгерлердің сөзінше, қызметкерлер темекі шоғын өшірмей, кәсіпорындағы май тұрған бетонға лақтырып жіберген. Санаулы секундтың ішінде қоймадағы 11 трансформатор қызыл жалынға оранған. Өрт сөндірушілерді сол маңайдағы тұрғындар шақырыпты.
«30 мамыр түскі 12 жарымда тұрғындардан Сеченов көшесінде орналасқан «Электроаппарат» зауытының жанып жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына келгенде қоймадағы іші майға толы трансформаторлар жанып жатты. Қызыл жалынды ауыздықтауға 8 арнайы техника мен 45 маман жұмылдырылды»,-деді ОҚО ТЖД басшысының орынбасары Нұрғали ЖҮНІСОВ.
Кейін анықталғаны өртенген цех трансформатор жөндейтін компанияға тиесілі екен. Агрегаттар тұрған қойма май мен тез өртенетін заттарға толы болыпты.
«Айдын Энерджи» компаниясы біздің зауытқа ешқандай қатысы жоқ. Олар тек цехты жалға алған болатын. Трансформаторларды жөндеген кезде майларын сүртпеген. Өрттің тез тұтануына да сол сеп болуы мүмкін»,-деді «Электроаппарат» ЖШС директоры Альберт ТОЛЩИН.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минут ішінде келіп жеткен. Қызыл жалынды толық өшіруге 1 сағаттан аса уақыт кетіпті. Тілсіз жау шарпыған кезде жұмысшылар кәсіпорынның ішінде болған. Олар сыртқа шығып, аман қалды. Абырой болғанда өрттен зардап шеккендер жоқ.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы ОҚО