Шымкенттегі серіктестік жұмысшылары 3 жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүр

Шымкенттегі серіктестік жұмысшылары 3 жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте өз айлықтарын үш жылдан бері ала алмай жүрген жұмысшылардың шыдамы таусылып, наразылық танытуда. Нәпақасыз қалған 700 азаматқа көмек қолын созуға жергілікті билік те дәрменсіз. Ал борышкер компания басшысы жауапкершілікті өзгеге ысырып отыр.    

Ашынған жұмыскерлердің айтуынша, тоқыма өнеркәсібімен айналысқан серіктестіктің жалақы берешегі  – 86 миллион теңгеге жуық. Бұрынғы жұмыскерлер екі, тіпті үш жыл бойы құрғақ уәдемен тойдырып келген компания басшылығының былығын айтып, еңбек инспекциясына, тіпті жергілікті әкімдікке де арызданған. Дегенмен, еш нәтиже жоқ.

«Жалақымызды ала алмай жүргенімізге 3 жылдың жүзі болды. Мен өндірістің басшысы болып жұмыс істедім, маған берешегі 1 млн теңгеден асады. Компания басшылығы бізбен мүлдем байланысқа шықпайды. Не істейміз? Қайда барамыз? Білмеймін...», – деп күйінеді Валентина БЛИНОВА.

Жұмысшыларға жалақы төлемей, зар илеткен – «Зали» ЖШС. Бұл зауыттың жұмысы былтырдан бері  тоқтап тұр. Қаражаттан қысылған еңбеккерлер отбасын асырау үшін банктен несие алғандарын айтады. Тіпті, ипотека рәсімдегендеріне төлемді өтей алмағандары үшін баспанадан айырылып қалу қаупі төніп тұр екен.

Берешегі 80 млн теңгеден асатын «Зали» серіктестігін басқарушы «Меланж» компаниясының президенті Шолпан Жарасова тілшілермен тек телефон арқылы тілдесіп, бар кінәні инвестициялық қорға ысырып отыр. Айтуынша, бүгінгі таңда олар «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-мен және оның еншілес кәсіпорны «Capital Logistics» ЖШС-мен соттасып жатыр екен. Аталмыш қор мен Серіктестік келісімді бұзып, тауарлардың ақшасын төлемеді дейді Жарасова өз сөзінде. Жалақы соның кесірінен төленбей жүр дейді.

«Біздің компанияны «Логистик»-ЖШС-і қаржыландыратын болған. Айлықтың қарызы солардың мойнында. Жұмысшылардың айлығын қайтарып беру үшін қазір ол компаниясымен соттасып жатырмыз», – деді «Меланж» ЖШС президенті Шолпан ЖАРАСОВА.

Шолпан Жарасова кінәлі деп тұрған Астанадағы «Қазақстанның инвестициялық қорына» да хабарластық. Айтуларынша, акционерлік қоғам «Меланж» компаниясын аяқтан тұрғызу үшін 2014 жылдан бастап инвестиция құйып бастаған. Қанша қаржы жұмсалғанымен, компанияның қызметкерлерге жалақы бойынша берешегі өсіп, бюджетке төленетін салықтары мен міндетті төлемдері де қордаланған. Ақыры компания кәсіпорындарының өндірістік және қаржылық жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізілмеді дейді қор басшылығы.

«Біздің қордың қызметкерлер алдында ешқандай заңды міндеттемелері жоқ. Бірақ өңірдегі әлеуметтік шиеленісті ескере отырып, компания қарызын өз мойнына алып, 2017 жылы қабылдаған өтініштердің нәтижелері бойынша, 183 адамға жалпы 29 миллион теңге төледік. Ал «Zali» компаниясының қарызы біздің қордың міндетіне жатпайды. Қалған жұмысшылардың жалақысы қашан берілетінін біз айта алмаймыз. Оған тікелей «Меланж» АҚ жауапты», – дейді «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ департамент директорының орынбасары Никита ЗАЙЦЕВ.

Қазір «Меланж» компаниясы Қазақстанның инвестициялық қорын сотқа беріп жатыр. 25 шілдеде осы іс бойынша Түркістан облыстық сотында бірінші тыңдалым өтеді. Еңбекақысын даулаған жұмыскерлердің мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз...

Тоғжан Аман, «Алматы» телеарнасы, Шымкент  

Новости партнеров