Шымкенттіктер тозығы жеткен көліктерді өткізуден көш бастап тұр

05.05.2018 19:04

Еліміздің тұрғындары ескі көліктерінен жаппай арылып жатыр. Қазақстанда  автомашиналарын утилизацияға өткізетіндердің көшін Шымкент бастап тұр екен. Шымқаланың тұрғындары бағдарлама басталғалы 9 мыңға жуық темір тұлпар тапсырған. Екінші орында 5 мыңнан аса көлік өткізген - Алматы. Үштікте -Көкшетау қаласы. Осы күнге дейін Республикадағы утилизациялау бекеттері 60 мыңнан аса темір тұлпар қабылдапты. Жалпы, аталған бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр? Осы және өзге сауалдарға жауап алу үшін біз «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» мекемесінің өкілі  Жомарт Рахымжанмен байланысқа шықпақпыз.

-Утилизациялау бағдарламасы 2016 жылы іске қосылды. Нәтижесі қандай?

-Өздеріңіз білесіздер ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы 2016 жылдың қараша айынан бастап іске қосылған болатын энергетика министрлігінің бастамасымен. Бүгінгі күнге дейін осы ескі көлігін жоюға тапсырушы азаматтардың қызығушылығы өте жоғары деп айтуға болады. Бағдарлама басталғалы бері жоюға қабылданған ескі көліктердің бас-аяғы 62 мың 749 автокөлік қабылдадық. Бағдарлама жалғасын табуда. Жалпы біздің ескі көліктерді бойынша Қазақстанда 17 қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Бағдарлама жалғасып жатыр.           

-Ескі көлігін тапсырып, сертификат алатындар көп пе? Әлде қаржылай алғанды жөн көре ме халық?

-Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасының екінші бағдарламасы бар. Дәл осы жеңілдік  сертификатын беретін бағдарлама. Яғни, сіз жеңіл автокөлігіңізді, сондай-ақ жүк көліктерін де  өткізе аласыздар. Бұл бағдарлама 2017 жылдың аусым айынан бастап жүзеге асуда. Бұл жерде азаматтарға қолма-қол ақша берілмейді. Сертификат беріледі. Сол сертификатпен Қазақстанда құрастырылған автокөлікті алған кезде сома автокөлік құнынан шегеріліп қалады. Бүгінгі күнде сертификат бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам, яғни 13 мыңға жуық автокөлік қабылданды. Бұл бағдарламаға деген халықтың қызығушылығы жоғары деп айтуға болады.  Ескі көлігін өткізіп, сертификат алып, оны жаңа көлікке айырбастағандардың саны бүгінгі күнде 6 мыңнан асады. Яғни, Қазақстанда құрастырылған 6 мыңнан астам автокөлік саудаланды. Осы сертификат бағдарламасы да қарқынды жүргізілуде. Дегенмен азаматтардың басым бөлігі көлігін өткізіп 150 мың теңге алушылар да көп. Жалпы, бағдарлама жүйелі жұмыс істеп тұр.       

-Қабылданған осыншама көлік қайда кетіп жатыр? Темір тұлпарлар толықтай өңделеді ме?

-Бізде Қазақстанда17 қалада ескі көліктерді қабылдайтын бекеттер жұмыс істейді. Сонда жинақталған көліктердің барлығы Қарағандыда салынған ескі көлікті жоятын зауытқа жіберіледі. Қазақстандағы автокөліктердің барлығы сол жаққа жөнелтіледі. Ескі автокөліктер сол жерде кешенді түрде өндеуден өтеді.

Майлары құйып алынады. Олар қайта өңделеді. Аккумуляторлар жеке шешіліп алынады. Олар да жеке өңдеуге жіберіледі. Бүкіл жинақталған автокөліктер сол Қарағандыдағы ескі көліктерді өңдейтін зауытқа жіберіледі. Зауыт жылына 50 автокөлікті жоюға қауқары жетеді. Жалпы қысқаша жауап берсем осылай болады.      

-Жомарт Қайырбекұлы, уақытыңызды бөліп, бізбен сұхбаттасқаныңызға рахмет.