Си Цзиньпин Қытайды өмір бойы басқаруға мүмкіндік алды. Қытай Халық Республикалық Парламенті Си Цзиньпиннің Президент болу мерзіміне қойылған шектеуді түбегейлі алып тастады. Халықтық конгресс съезінде елдің Конституциясын өзгерту туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес, Қытай басшыларының билік басында болуын екі бес жылдық мерзімге шектейтін ереже жойылды.
Президент өкілеттілігін ұзарту туралы өзгеріске Қытай Коммунистік партиясы бастамашы болды. Ал Парламенттің бұл ұсынысты мақұлдайтынына еш күмән туған жоқ. Жалпықытайлық жиынының үш мыңға жуық мүшесі бұл шешімді қуана қолдаса, екеуі қарсы болып, үшеуі дауыс беруден қалыс қалды.
«Си Цзиньпинді расымен де көпшілік қолдайды. Мұны тек халықтық конгрестен ғана емес, Қытай халқына жүргізген сауалнама нәтижелерінен байқауға болады. Бірақ екі мәселе бар. Біріншіден, көшбасшы кім болса да, ол барлық шешімді өзі қабылдайтын болады. Бұл қауіпті. Екіншіден, егер Си Цзиньпиннің денсаулығы нашарласа, экономиканы кім басқарады?», - деді қаржылық сарапшы Дайэн ВЭЙЛЯН.
Қытайда Президент өкілеттілігі 5 жыл. Бұл талап елді 90-шы жылдары Дэн Сяопин басқарып тұрғанда Конституциямен бекітілген болатын. Олар мұны Маодың жеке басына табынуын қайталамауға тырысумен түсіндірді.
Сирия; Швейцария
Жыл басынан бері Сириядағы медициналық мекемелер мен дәрігерлерге қарсы 67 шабуыл жасалған. Бұл тек расталған мәлімет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жайтты, жантүршігерлік деп атады. Ұйымның ақпаратынша, өткен жылы медиктерге 112 шабуыл ұйымдастырылған.
«Ақпан айында расталған шабуылдардың ішінде 28-і шығыс Гутеде, 10-ы Идлибте, біреуі Хомс қаласында болған. Шабуылдар 20 ауруханаға, 16 денсаулық сақтау мекемесіне, екі жедел жәрдем станциясына және бір дәріханалық қоймаға бағытталған. Бұл сұмдық. Осы шабуылдардың нәтижесінде 19 адам қаза тапты, оның төртеуі медицина қызметкері», - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Кристиан ЛИНДМЕЙЕР.
Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қақтығысқа қатысы барларды дереу шабуылды тоқтатуға шақырды.
«Медициналық мекемелер мен қызметкерлер халықаралық гуманитарлық құқықпен қорғалған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Сириядағы барлық тараптарға медициналық және гуманитарлық қызметкерлерге, олардың көліктеріне және жабдықтарына, сондай-ақ ауруханалар мен басқа да медициналық мекемелерге шабуыл жасауды дереу тоқтатуға шақырады», - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Кристиан ЛИНДМЕЙЕР.
Айта кетсек, Сириядағы соғыс 2011 жылдан бері жалғасуда. Бүлікшілердің бақылауында қалған соңғы аумақтардың бірі - Дамаск маңындағы Гутаның шығыс бөлігі. Онда қарулы қақтығыс күнделікті болуда.
Австралия
Австралияның Квинсленд штатының солтүстік-шығыс бөлігінде апат жарияланды. Мұнда бір аптадан бері нөсер жауын құйып тұр. Салдарынан өзендер арнасынан асып, үйлерді басып қалған. Ал жолдар жабылған.
«Мұндағы адамдар өте төзімді. Олар қазірдің өзінде осындай апатты бастан кешкендерін айтып, жағдайға сабырмен қарап жатыр. Демек, қарым-қатынас жақсы. Дегенмен, мемлекеттік қызметтер де қарап қалмай жақсы жұмыс істеуде», - деді Квинсленд штатының премьер-министрі Анастасия ПАЛАЩУК.
Ал Тулли қаласындағы ойын-сауық саябағында осыдан бір апта бұрын 70-тен астам адам қызыл су құрсауында қалған еді. Қатарында балалар мен ересектер де бар. Оларды құтқарушылар тек алты күннен кейін ғана эвакуациялаған.
«Балалар үйлерінен бір аптаға дейін жырақта болды. Олар үйлеріне барғысы келді. Егер судың деңгейінің түсуін күтсек, онда бірнеше күн тағы қол қусырып отырар едік. Бұл бірқатар проблемаларға әкеп соғатын еді. Сондықтан барлық балаларды үйлеріне жеткізу жөнінде маңызды шешім қабылданды және мақсатымызға жеттік», - деді полиция қызметкері Стив МУНРО.
Мемлекеттік органдардың дерегі бойынша, су тасқыны нәтижесінде болған шығынды есептеу бірнеше аптаға созылады. Қазірдің өзінде, апат салдары банан мен қант қамысын жинауға, сондай-ақ балық шаруашылығына зиян келтіргені белгілі болды.