Сыртқы істер министрлігі белгісіз жағдайда Шри-Ланкада қайтыс болған Қостанай облысының тумасы Ирина Фирсунина туралы түсініктеме берді. Белгілі болғандай, 1993 жылғы бойжеткеннің өлімі туралы 15 ақпанда Үндістандағы Қазақстан елшілігіне хабар жеткен. Дипломаттар жедел түрде туыстарымен байланысқа шыққан. Қазіргі таңда оның денесін Қазақстанға жеткізу мәселесі шешілу үстінде. Айта кетейік, Ирина Шри-Ланканың Коломбо қаласына жолдасымен бірге саяхатқа аттанған. Куәгерлердің сөзінше, хауызға түскен сәтте аяқ-асты талып құлап, қайтыс болған.
«Қыздың өмірі сақтандырылған. Анасының өтініші бойынша, мәйітті тексеру амалдары жүргізіліпті. Дегенмен, дәрігерлер қорытындысы 2-3 айда дайын болады. Осыған орай, мүрдені жеткізу барысында біраз қиындықтар туған болатын. Себебі, сақтандыру компаниясы әзірге нәтиже белгілі болмай, шығынды өтемейді. Осыған орай, елге қайтару амалын бойжеткеннің қасындағы ер азамат өз мойнына алып отыр», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар ЖАЙНАҚОВ.