Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раунды басталды

Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раунды басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана процесінің тоғызыншы раунды 14-15 мамырда өтетін болды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Елордада өтетін кезекті Сирия келіссөзіне кепіл мемлекеттер Иран, Ресей, Түркия және Сирия оппозиялық топтың өкілдері келеді деп күтілуде. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бақылаушы ел ретінде АҚШ пен Иорданиядан да өкілдер келеді деп жоспарланған. Осы орайда кезекті келіссөзден не күтуге болады? Біз саясаттанушы Расул Жұмалы мырзамен байланысқа шығып, болжам сұрамақпыз.

- Расул Берекетұлы, Астанада осымен Сирия келіссөзінің кезекті раунды жоспарланып отыр. Қандай мәселе қаузалады деп ойлайсыз бұл жолы?

- Бұл енді өткен жылдан бері бірнеше мәрте өткен келіссөздердің жалғасы болып табылады.Бұған дейін оның барысында қарсыласушы тараптардың арасында мәмілеге келу, гуманитарлық дәліздерді іске асыру, көмек жеткізу, тұтқындармен алмасу мәселесі қарастырылған болатын. Биыл осы мәселе жалғасын табар. Себебі Сириядағы жағдай әлі де өте мүшкіл. Өте шиелініскен. Рас, Ислам мемлекеті содырларының бірқатарының сағы сынды деп айтуға болады. Десе де, осы әрекеттер әлі де жүріп жатыр. Әлі де қарсыластық танытып жатқан тараптар және келіспеушіліктер өте көп. Бұл мәселелердің тағы бір шешімінің жалғасы осы Астанада өтетін кездесуде Түркия, Иран, Ресей сияқты ең негізгі мемлекеттердің дәнеркерлігімен іске асады.  

- Жақсы, осыған дейін алаң берген біздің тарап Астана процесінде қандай да бір түйткілдердің шешілуіне ықпалдаса алды ма? 

- Сириядағы бүгінгі текетіресті тоқтату үшін бірқатар мемлекеттер, коалициялар өздерінше әсер етуге тырысуда. Олар негізгі форматы Женевада өтіп жатқаны белгілі. Сонымен қатар, жоғарыда аталған мемлекеттердің бастамасымен Астанада өтіп жатыр. Толыққанды мәселелер осы келіссөздер барысында түпкілікті шешілді деп айта алмаймыз. Оның бүгінгі салдарын, нәтижесін көріп отырмыз. Соғыс жағдайы әлі де жалғасып жатыр. Қазір Иран мен Израиль арасындағы сияқты текетірес одан әрі өршелене түскен. Десе де, мүлде пайдасы болмады деп айта алмаймыз. Жоқтан бар жақсы. Себебі осы келіссөздердің нәтижесіне нақты елді-мекендерге көмек жеткізілді. Дәрігерлік көмек жеткізілді. Азық-түлік, тұтқындармен алмасу сияқты мәселеле. Сондықтан, әрине, кішігірім болса да Астана форматының, Астана форумының үлесі бар деп айтуға болады.  

- Сіздің пікіріңізше алдағы уақытта тағы да келіссөздер өтуі мүмкін бе? Жалпы, осы процесс қаншалықты ұзаққа созылады деп ойлайсыз?

-Енді Сириядағы бүгінгі шиеленістің жалғасып отырғаны, мінеки 7-8 жылға кетті. Жарты миллионға жуық адам қаза тапты. 4-5 миллион адам босқынға айналған. Және бұл соғыстың әлі де соңы көрінетін түрі жоқ. Мәселенің одан әрі шиелінісіп тұрғаны -  Сирия қақтығысына қатысып отырған тараптардың көптігі және олардың мүдделерінің қарама-қайшы келуі. Бір-бірімен түйіспеуі. Сондықтан жақын арада бұл түйткіл, шиелініс шешіле қойылатыны неғайбыл. Әлі көптеген жылдарға жалғасатыны ықтимал. Бұлардың қатарында Женева, Сочи, Мәскеу, Астана форматы бола беретін шығыр. Мәселе қаншалықты  ұтымды болуда? Себебі қазір негізгі салмақ, негізгі ықпал Женеваға ауып отыр. Себебі Женевадағы конференцияға қатысушы тараптардың саны да көбірек, ауқымы да көбірек.  Астана форматы шектелген мемлекеттердің бас қосуы. Бірақ бұл мәселеге ара асушы көптеген Араб мемлекеттері бар, Еуропалық одақ бар, АҚШ бар, олар жаңағы форматтан тыс қалып, көбіне Женеваға назар аударып отыр. Сондықтан менің ойымша жақын арада көбірек осы  Женеваға ауатын шығар.

-Расул мырза уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рахмет.


Новости партнеров