Сирияда құтқарылған 5 қазақстандық елге жеткізіледі

15.11.2017 23:14

Сириядағы қауіпті аймақтардан шығарылған қазақстанның 5 азаматы жақын уақытта елге жеткізіледі. Айта кетейік, 13-ші қарашада Сириядан Грозныйға жеткізілген қырыққа жуық азаматтың 12-сі әйел, қалған жиырма тоғызы кәмелетке толмаған бүлдіршіндер болатын. Арасында Қазақстан азаматтары да бар. ТМД елдері өкілдерін қақтығыс аймағынан алып шығуға мұрындық болған Шешен Республикасы өкілдерінің сөзінше, балалар мен әйелдердің басым  бөлігі Ракка және Маядин қалаларынан табылған. Дерекке жүгінсек, азат етілгендер - Орал қаласының тұрғындары. Балалардың ең кішісі - бірнеше айлық, ал үлкені - 2012 жылы туғаны ғана белгілі. Қазір қазақстандықтардың жеке басы анықталу үстінде. Сәтті өткен әскери операцияны тілге тиек еткен  еліміздің Сыртқы істер министрлігі шешен республикасы басшылығына құтқару амалдарына қатысқандары үшін ризашылықтарын білдірді. 

«Кеше Шешен Республикасының астанасы Грозный қаласына бір топ Сирияда жан-жал болып жатқан аймақтардан құтқарылған адамдар жеткізілді. Олардың ішінде Қазақстан азаматтары да болған. Ол 1988 жылғы Орал қаласының тұрғыны 4 кәмелетке толмаған балалары бар.Оларды Грозный қаласының әуежайында Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қызметкерлері қарсы алды. Жақын арада олар Қазақстанға жеткізілетін болады», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар ЖАЙНАҚОВ.

«Сириядан оралғандарды тозақтан келді деп айтуға болады. Балалар әбден қорқып қалған. Дәл қазір ғана бір ата-анамен сөйлестім. Олар психологиялық соққы алыпты. Негізі Ресейде тыйым салынған ДАИШ ұйымына кіру қылмыс деп саналады. Бірақ келіншектердің сөзінше, олардың соғысқа еш қатысы жоқ. Оны ақпаратты тексерген Ирак пен Иран елдерінің органдары растады. Кейбіреулерін күйеулері Сирияға мәжбүрлі түрде, енді бірін алдап әкетіпті», - деді Шешен республикасы президентінің жанынан құрылған «адам құқығы» бойынша кеңес мүшесі Хеда САРАТОВА.