«СК Фармация» компаниясымен сыбайластық ымырада 3 фирма болған. Былтыр желтоқсаннан бастап бұл компанияның өткен-кеткені жіті тексерілген. Құзырлылар мекемеге қатысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына тергеу жүргізген. Тергеу қорытындысы бойынша басымдық жағдайын асыра пайдалану фактісі анықталды. Яғни, компания тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау қызметін бір лот арқылы сатып алған. Бұнымен былық бітпейді. Мекеме дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау қызметін орындамауына байланысты тергелген. Қазір іс сотқа жіберілді.
«СК-Фармацияға 1,3 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Заңды бұзған компанияға қатысты тергеу амалдары былтырғы жылдың қазаны мен қараша айында өтті. «СК Фармация» тарабынан мұндай бұзушылықтар болмағанда дәрі-дәрмек бағасы біршама төмен болатын еді»,- деді ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары, Рустам АХМЕТОВ.