Жыры көбейген жалақы дауы. Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория жатақханасында жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылысшылар жарты жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр.
Мердігер компания басшылығының сөзінше, өнер ордасының берешегі қазір 28 миллион теңгеге жеткен. Сергелдеңге түскен еңбеккерлер енді сотқа жүгінуге бекініп отыр.
Құрылысшылар Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория жатақханасын жөндеуді былтыр қыркүйекте қолға алыпты. Мердігер компания басшысының сөзінше, тиісті келісім-шарт жасалған. Құжатта төленуі тиіс қаржы сомасы, мерзімі де айқындалған. Алайда, уәде орындалмай қалды. Бүгінде 60 жұмысшы алдындағы берешек 28 миллион теңгеге жеткен.
«Консерваториямен келісім бойынша жөндеу жұмыстарына бөлінген 71 миллион еді, сол 71 миллионның 43 миллионы төленді. 28 миллиондай бізге қарызы бар. Сол мәселе осы уақытқа дейін шешілмей жатыр», – деді «Меруерт құрылыс» ЖШС директоры Марат НҰРЛЫБЕКОВ.
Осы уақытқа дейін қара шаңырақ басшылығының құрғақ уәдесіне сеніп келген жұмысшылар енді сотқа жүгінбек. Жалпы, сергелдеңге түскен еңбеккерлер саны алпысқа жуық. Олардың сөздерінше, бүгінде жұмыс жартылай аяқталған. Қаржыландырудың тоқтауы себепті, аяқсыз қалды дейді.
«Қыркүйек айынан бастап еңбек етіп келе жатырмыз. Содан бері толық есеп болады деген. Бірақ ондай есеп көрмедік. Осы күнге дейін аванс ретінде ғана алып келдік. Содан соң жаңа жылдан кейін де істеген еңбегіміз бар. Біздің жұмысшыларымыз мына жатақхананың сыртын, бірінші, төртінші қабатының барлық жұмыстарына қатысты. Сол еңбекақыны толық төлемей жатыр», – деді мердігер компания бригадирі Қанатбек АХМЕТОВ.
«Желтоқсанда соңғы рет ақша алдық. Одан кейін қажетті материалдар болмағандықтан, қаңтар, ақпанды қосқанда 4 ай жұмыс тоқтап тұрды. Жұмысшылардың, құрылысшылардың барлығы пәтер жалдап тұрады. Сол үшін еңбегімізді жемей, өзіміздің ақшамызды берсе дейміз. Кейбір жұмысшылардың аяқталмаған жұмыстары бар. Оны да бітірейін десе, кіргізбей жатыр ғой», – дейді жұмыскер Балжан БАЙДЕЛДАНОВА.
Мердігер компаниямен келісім-шартты бұрынғы басшылық жасады дейді консерваторияның қазіргі басшылары. Айта кетейік, оқу орнының ректоры өткен айда ауысты. Жаңа басшылық жатақхананы жөндеу жөнінде жасалған келісім-шарттың заңсыз екенін біліп те отыр.
«Біріншіден, ол келісім-шарт мемлекеттік сатып алу порталында тіркелмеген. Осыған байланысты, келісім-шарт бір тараптан бұзылды. Қазіргі таңда бұрынғы басшылыққа, соның ішінде, құжатқа қол қойған бұрынғы проректор Ботагөз Көпбаеваның үстінен кінарат-талап ісі дайындалып жатыр. Сондай-ақ, материалға сай аталған қаржы Көпбаевадан өндірілетін болады», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы заңгерлік бөлімінің басшысы Орынбасар ТІЛЕГЕНОВА.
Ал келісім-шартқа қол қойған проректор мамыр айында жұмыстан босатылған екен. Ресми мәліметке сүйенсек, ол жұмыс орнында 3 сағат болмағандықтан, қызметтен қуылған.
«Біздің мәліметтеріміз бойынша, белгіленген қаражат оларға аударылған. Бірақ қаншалықты заңды екенін арнайы органдар анықтайды. Біздің негізгі мақсатымыз – сол органдарға беру. Анықталған факт бойынша біз істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро сияқты тиісті органдарға тапсырамыз»,– деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ректорының кеңесшісі Жәнібек КӨРПЕБАЕВ.
Даулы істің анық-қанығын ашу енді ұлттық бюроның құзырында. Аяқсыз қалған жөндеу жұмысын соңына жеткізу үшін жаңадан қызметке кіріскен консерватория басшылығы жобалық-сметалық құжат дайындап, қайта байқау жариялапты. Оның жеңімпазы 3 аптада анықталуы тиіс. Қалпына келтіру жұмысын 1 қыркүйекке дейін бітіреміз деп сендіруде консерватория өкілдері.
Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы