Он бір жыл тарихы бар «Транзит.kz» журналына ребрендинг жасалды. Елдегі көлік және логистика саласы төңірегіндегі тақырыптарды қозғайтын басылымның мұқабасы, логотипі, ұраны мен мазмұны айтарлықтай өзгерген. Жаңа кейіпке енген қазақ және орыс тіліндегі журналдан елдегі ведомство басшылары, танымал бизнес өкілдерінің сұхбатын оқуға болады. Одан өзге, отандық туризм саласы мен бизнес әлеміне аяқ басқысы келетіндердің жеке шаруаны қалай бастау керектігі жөнінде кеңестер бар.
«Бізде «Іскер әңгіме» айдары пайда болды. Оның аясында бірінші үлкен сұхбатты да алып үлгердік. Еліміздің туризміне үлес қоссақ деген ниетпен «Қазақстанға қош келдің!» бөлімінде қостық. Отандық кәсіпкерлердің бизнеске келген алғашқы қадамдары мен олардың жетістікке жету жолы жайын да журнал беттерінен табуға болады. Осылайша оқырмандарымызды қызықтыратын айдарлар қосып, басылымды жаңғырттық»,-деді «Транзит.kz» журналының бас редакторы Ержан СЕЙІТҚАЗИНОВ.