Министрлік маса шаққаннан кейін ауруханада көз жұмған әйелге қатысты түсінік берді

03.09.2018 20:44

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Астанада аллергиялық шоктан жүрегі тоқтап қалған әйелдің өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында олар қала сыртына сапарлаған көрінеді, сол кезде оны бір жәндік шағып алған. Көзінің маңында ісік пайда болғаннан кейін, ол бірінші қалалық ауруханаға барды. Алгоритмге сәйкес, дәрігер аллергияға қарсы препараттарды берген. Сәйкесінше, осы препараттарды беру кезінде шоктың белгілері байқалған. Осы орайда, науқас өкпені жасанды желдету аппаратына ауыстырылды. Бұл жағдай салдарынан жүрек тоқтап, реанимациялық әрекеттер нәтиже бермеді», – деді вице-министр тілшілерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, медициналық кезекшілік бригада бірден жедел бригаданы шақыртқан.

«Сәйкесінше, талдау шаралары сот-медициналық сараптамада жүргізіледі. Қазіргі кездегі қорытынды - ол нақтыланбаған шок. Енді басқа да тереңдетілген зерттеулер жүргізіледі. Осының нәтижесінде аталған қайғылы оқиға бойынша нақты қорытынды шығарылады», – деді Л. Ақтаева.

Сонымен қатар, вице-министр медициналық рәсімдер кезінде кез келген әрекеттерге жазбаша келісім берілетінін атап өтті.

Оның айтуынша, аталған оқиға бойынша келісім болғанын немесе болмағанын анықтау қажет.

«Бұл тұрғыда медициналық құжатнамаға талдау жасау керек, себебі келісім науқастың өзінен алынады. Егер де емделуші кәмелетке толмаған жағдайда ғана, келісімді ата-анасы береді», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, аталған әйелдің ауруханада көз жұмғаны туралы оның құрбысы Фейсбуктегі парақшасында жазған болатын. Оның атап өтуінше, 28 жастағы Мақпал Еспенбетова елордадағы бірінші қалалық аурухананың көмегіне жүгінген.