Алматының Боралдай сақ қорғандарында этнофестиваль өтті

Алматының Боралдай сақ қорғандарында этнофестиваль өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңындағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде халықаралық «Ұлы дала - көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтті. Алатау бөктерінде екі күн қатарынан салтанат құрған айтулы шараға әлемнің он екі мемлекетінен әйгілі этномузыканттар мен танымал спортшылар келді. Астананың 20 жылдығына орайластырылған шараның өтуіне Алматы қаласының әкімдігі мұрындық болды. Фестивальдің ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысты.

Фестиваль әр елден келген өнерпаздардың көш шеруінен басталды. Қаз-қатар тігілген 30-дан астам қазақы нақыштағы ақшаңқан үйлер мерекенің сәні ашып, ауыздығымен алысқан арғымақтар шараның шырайын кіргізді. Бір бойына сан өнерді жинаған жігіттер жиылған жұртты көшпелілер әлемімен қауыштырды деуге болады.

«Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша жыл сайын осындай этнофестиваль өткізіп жатырмыз. Бұл этнофестиваль үшінші рет болып жатыр. Өзіміздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, өмірлері қалай өткенін, тарихымызды жастарға басқа халықтарға көрсету үшін жүргізіп отырмыз»,-деді Алматы қаласы жетісу ауданының әкімі Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Күннің ыстығына қарамастан сенбі күні фестивальді тамашалауға 7000-нан аса халық жиналды. Есесіне фестиваль қонақтары кәсіби бүркітшілердің, шабандоз  жігіттер мен көкпаршылардың, садақ  атушылардың, палуандардың жекпе- жегі мен ат үстінде тұрып  жерден тиын алатын жігіттердің  шеберлігіне куә болды. Көрермендердің өзі де ұлттық ойындарға қатысты. Оған қоса әр елдің ұлттық тағамдарынан дәм татып, түркі  елдерінің бай мұрасымен танысты. Айта кету керек, биылғы этно-фестивальге Башқұртстан мен Украина алғаш рет қатысты.

«Біз жебе дайындаймыз, біздің команда әлемнің бірнеше елінде болған. Сондықтан жебенің сан түрін және оны дайындау бойынша шеберлік сағаттарын көрсетеміз. Бүгінгі шара өте ерекше, креативті ұйымдастырылған. Фестивальдің рухани жаңғыруға бағытталғанының өзі қуантады. Тарихқа, мәдениетке мән беру бұл өте маңызды деп ойлаймын. Мені таң қалдырғаны- фестивальдің өтіп жатқан орны. Осы қорғандардың бірінде сақ батыры табылған деп естідім»,-деді фестивальге қатысушы Екатерина ФЕДОРОВА (Украина).

«Ұлы дала - көшпенділер әлемі» этнофестивалінде, әсіресе, шетелдіктер қазақтың мәдениетімен танысып,   әдет- ғұрыптардың мәніне, декоративті- қолданбалы өнердің эстетикасына, көшпенділердің көне дәстүрі мен тұрмысына қанықты. Көкпар, аударыспақ, қыз қуу сынды ұлттық ойындарымызды тамашалады.

Қонақтар бүркіт ұстап, таз ерткен саясатшыларға, қазақтың ірі денелі, батыр тұлғалы жігіттеріне таңғалып таңдай қағып жатты. Ұлттық қолөнердің көрмесі де қонақтардың көңілінен шықты.

«Осындай біз қамшылар істейміз. Таза теріден жасаймыз. Қамшының сапасы өте жақсы. Өз ата-бабаларымыздың қолданған заттары. Әр қазақтың үйінде болуы керек деп ойлаймыз. Көбісі сувенир, сыйлық ретінде алып тұрады. Шетелдіктер де сұрайды»,-деді қолөнерші Айдын ОМАРБЕКОВ.

Фестивальде кішкентай көрермендер үшін танымдық көңілді шаралар ұйымдастырылды. Акробатикалық көріністер, садақ ату, бәйге, балуан күрес, тіпті асау үйрету дәстүрлері көрсетілді. Көрермендер арасында «Ең әдемі ұлттық киім» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

«Биылғы фестивальдің бір ерекшелігінің бірі- «аламан бәйгеге» 1-орынға автокөлік, 2-3-орынға сыйлықтар бар. Одан бөлек «құнан бәйге» өтіп жатыр. Жалпы, осы іс-шараның негізгі мақсаты- түркі әлеміне ортақ біздің мәдениетімізді қайта жаңғырту»,-деді Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛИЕВ.

Осылайша, 12 мемлекеттен келген 100-ге жуық әнші, қоөнерші мен спортшы тарих қойнауына бірге саяхаттады. Білегі қуатты  жігіттер балуандық өнердің сиқырымен баураса, этникалық музыканың әлемдік жұлдыздары, соның ішінде «Сазген сазы» этно- фольклорлық ансамблі, «Ұлытау», «Самрад» топтары ән мен күйден шашу шашып,  Алатау бөктерін әсем сазымен тербеді.

Тоғжан Аман, Рашид Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы.


Новости партнеров