Қырғызстанда тас көшкінінің астында қалып, мерт болған жерлесіміздің мәйіті Алматыға жеткізілді. Қазір марқұмның мүрдесіне медициналық сараптама жүргізілуде. Оның 1976 жылы туған алматылық ғалым екені мәлім болды.
Сондай-ақ, бүгін зардап шеккен өзге де отандастарымыз бен ресейлік азаматтар Алматыдағы 4-ші қалалық ауруханаға шұғыл тексеріске жеткізілді.
Еске салсақ, Қырғыз елінің Скрябин мұздығында төрт қазақстандық пен үш ресейлік азамат тас көшкінінің астында қалып қойған еді.
Күні кеше Бішкектен 40 шақырымдай жердегі Скрябин мұздығының аумағында туристер ретінде тауды бағындармақ болған 4 жерлесіміз бен 3 ресейлік тас көшкінінің астында қалып, бір отандасымыз көз жұмған еді. Суыт хабар келісімен еліміздің жедел құтқарушылары ұшуға дайын болғанымен, ауа райы қолайсыздығынан тікұшақ аспанға көтеріле алмады.
«Таңғы алтыда «Қазавиақұтқару» МИ-171 тікұшағымен тоғыз маман, оның ішінде екі кинологиялық топ Қырғызстанға ұшты. Олар қаза тапқан жанның мүрдесін тас астынан тауып, зардап шеккен екі елдің азаматтарын да оңтүстік астанаға жеткізді», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Алдын ала ақпаратқа сенсек, таудың шыңын бағындырмақ болған туристер теңіз деңгейінен 4100 метр биіктіктегі тасқұламаға тап болған. Алматыға жеткізілгендер арасында бір адамның халі ауыр. Ал қаза тапқан азамат ілім жолын қуған ғалым болып шықты. Оның мүрдесі қалалық Ішкі істер департаментіне тапсырылды.
«Қаза болған азамат Алматы тұрғыны. Ол 1976 жылы туған. Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарының бірінде жұмыс істеген. Ал зардап шеккендердің екеуі Алматыдан, үшіншісі Өскемен қаласының тұрғыны», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Ресейліктердің Қырғызстанға Томск қаласынан барғаны белгілі болды. Алты азаматтың өміріне еш қауіп жоқ.
«Екі жарақат алаған науқас сол жерде қаралып, ауруханаға барудан бас тартты. Төртеуі әуежайға жақын 4-ші клиникалық аруханаға жеткізілді. Барлығы қаралып, қажетті зерттеулер, талдамалар алынды. Төртеуінің де ауруханаға жату көрсеткіші болмағандықтан, үйлеріне жіберілді», – деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан ИСАБЕКОВ.
Министрліктің мәліметінше, тас астында қалғандар бұған дейін де тауға шығып жүрген. Тіпті, кәсіби альпинистер әлемдегі алтыншы деңгейлі қауіпті шыңдарды да бағындырған болып шықты.
Айта кеткен жөн, Қырғызстандағы биік тауларды бағындыру үшін жыл сайын түрлі елдердің азаматтары арнайы ат басын бұрып, келіп жатады. Биылдың өзінде 5 мыңнан артық турист көршілес елдің тау шыңдарына көтерілген.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы