Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай сотталғандардың 1000-ға жуығына рақымшылық жасалады. Қадағалау ведомствосының қызметкерлері уақытша тергеуде тұрған азаматтармен кездесу өткізді. Толығырақ Назкен Байтілес тарқатады.
"Сұхбат" жобасы бойынша, жыл басынан бері 60-қа жуық адамға кеңес беріліпті. Олардың көбі рақымшылық сұрағандар екен. Бұдан бөлек сот шешімімен келіспеген азаматтар да бар.
Алматы қалалық прокурорлардан құрылған кеңес, уақытша тергеу изоляторында отырған азаматтардың, күніне, бірнешеуін қабылдайды екен. Біреулері жазасын жұмсартып, үкімді алып тастауды сұраса, енді біреулері рақымшылық көрсетіліп, бостандыққа шығуды қалайды. Қазір келіп түскен әрбір өтінішті құқық қорғау органдарының қызметкерлері жекелей қарастырып жатыр.
«Қазіргі таңда мына шараның жүріп жатқан себебі, осы мекемеде отырғандардың арасында, көп адамдар заңды түсінбей, білмегендіктен біз өзіміз прокуратура тарапынан осында келіп, сол заңдарды түсіндіріп, оларға барлық қылмыстық істері бойынша мән-жайды түсіндірудеміз»,- деді Алматы қаласы прокуратурасының басқарма басшысы, Ержан МЫРЗАКЕРОВ.
Алматылық Галина Минлибаева алаяқтығы үшін 8 жылға сотталған екен. Айтуынша, оған уәдесінде тұрмай, адамдардан тұрғын үй құрылысы үшін алдап ақша алды, деген айып тағылыпты. Бірақ, ол өзіне жабылып отқан кінәмен келіспейтін көрінеді. Бұл мәселенің оңтайлы шешілуі үшін, оған прокурорлар тиісті кеңестер берді.
«Негізінде менің ісім бойынша сот үкімі алдағы аптада шығады. Бірақ, мен жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, соттың шешімімен келіспейтінімді айттым. Өйткені, қылмысты ұйымдастырушылар мен оған бағынушыларға, яғни бізге, бірдей мерзім беріпті. Енді әрі қарай не істеу керегі жөнінде толық жауап ала алдым»,- деді Сотталушы, Галина МИНЛИБАЕВА.
Прокуратураның деректері бойынша, Алматыда 50-ден аса жазасын өтеуші рақымшылыққа ілінген. Сол сияқты әлі 825 адам бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл шара жарты жылға дейін созылмақ. Айта кетейік, қылмыскерлерге кешірім беру "Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық" туралы заң аясында жүзеге асады.
Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы