Алматы облысының тұрғындары талдарды отап тастауға түбегейлі қарсылық білдіруде

28.08.2017 10:00

Алматы облысындағы Іле ауданының халқы жеке кәсіпкерге қапалы. Тұрғындар қалталы азаматтың  жайқалып тұрған 70 -ке жуық талды отап тастауына түбегейлі қарсылық бідіріп отыр.

Бұл жиналған жұрттың базынасы бір. Олар мына жайқалып тұрған 70-ке жуық талдың түбімен қопарылып тасталуына қарсы. Ал жердің  иесі кәсіпкер Шыңғыс Жақыпханов ағаштарды сүріп тастап, құрылыс жұмыстарын бастамақ болған. Әйтсе де, бұл жер  қоқыстан көз ашпаса да, бұқара бұдан басқа серуендейтін жеріміз жоқ деп қабақ шытып қапалануда.

«Бұл жерден ата-аналарымыз пәтер алғаннан кейін, осы ағаштарды отырғызып, өздері суғарған. Ауданда химиялық утилизатор, екі темекі шығаратын зауыт, оған қоса Жылу-электр кәсіпорыны бар. Ауаның ластануы онсызда жетіп жатыр. Енді үйіміздің алдындағы талдарды кесіп тастаса, тіпті қиын болады», - деді  облыс тұрғыны Ринат ШАРИПОВ.

Жеті соттық жердің жеке меншік иесі құрылыс жүргізуге қатысты құжаттарым түгел, дейді. Тіпті, ағаштарды отап тастауға да қақым бар дегенді алға тартады. Қалталы азамат көлік жуатын орын мен тігін цехын салмақшы болған екен.

«Осы жерге құрылыс жүргізгенге менде құжаттардың бәрі жеткілікті. Мәслихатты шешімі бар. 2016 жылғы құрылыс жүргізетін жағдайда ген план бойынша бұл талдарыд кесуге болады деген мәслихаттың шешімі бар заңды түрде. Соған байлнысты бұл талдарды мен күнде кесе аламын», - деді кәсіпкер Шыңғыс ЖАҚЫПХАНОВ.

Әкімдік тарапы тараптардың өзара келісе алмағанына көз жеткізіп, кәсіпкерге уақытша құрылысты бастамауға шақырыпты. Ал бұл жерді өзге жер теліміне ауыстыруға қарыс емеспін деген бизнесменге, бұдан басқа  беретін жылыжымайтын мүліктің жоқ екенін де ескерткен. Қалай болғанда да, соттың шешімі шықпайынша, ешқандай нысан бой көтермейді.

«Соттың шешім шығарғаннан кейін, нақты белгілі болады. Егер келісе алмаса онда бәрін сот шешеді. Жер болып жатса онда басқа жер береміз», - деді ІЛЕ ауданының энергетический ауылдық округінің әкімі Садыр ЗӘКІРЖАНОВ.

Түптеп келгенде, мәселені бұқара мен бизнесмен өзара шешуі керек болып шықты. Ымыраластыққа келе алмаса, соңғы нүктені сот қояды.

Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы