Алматыда үй жануарларын серуендету алаңдары жеткіліксіз. Тұрғындар қазір иттерін автотұрақ пен адам жоқ жерде қыдыртуға мәжбүр. Қалада үй жануарларын қыдыртатын 35 орын ғана бар екен. Бірақ көбі қоршалмаған және жаттығу құрылғылары орнатылмаған. Сондықтан ит пен мысықтарды серуендету кезінде біраз қиындықтар туындайтын көрінеді.
Алтынай Иманбекова 10 жылдан бері үйінде ит ұстайды. Айтуынша, бұрын төрт аяқты серігін қалада еркін серуендететін. Былтырдан бастап көшеде итпен қыдыру қиындап кетті. Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің жаңа ережелері қабылданды. Жаңа талапқа сай, кез келген итті көшеге міндетті түрде қысқа қарғыбаумен шығару керек. Оған қоса, балалардың ойын алаңдарында, спорт алаңдарында, мектептер маңында, емдеу мекемелерінің аумағында үй жануарын қыдыртуға тыйым салынған. «Сондықтан қазір адам аяғы баспайтын таса іздеуге мәжбүрміз» дейді ит иесі.
«Мәселен, тұрғын үйлердің аулаларында, «Атакент» сынды демалыс орындарында итті қыдырта алмаймыз. Сондықтан асфальт жолда немесе автотұрақтарда итімді серуендетуге мәжбүрмін», – дейді ит ұстайтын тұрғындардың бірі Алтынай ИМАНБЕКОВА.
Алайда, Алматыда иттерді еркін серуендетуге арналған 35-ке тарта алаң бар. Тек ит иелері ол алаңдарды алыссынады.
«Алаңға жаяу барудың өзіне жарты сағат уақыт кетеді. Сондықтан үйлердің маңайындағы алаңшаларды қоршап берсе, бізге сол да жеткілікті. Ішіне жаттығу құрылғылары керек емес. Ал иттерін жаттықтырамын дейтіндер үлкен алаңға барып жаттықтырса болады», – дейді Алтынай ИМАНБЕКОВА.
Қала тіршілігін жоспарлаушы мамандары иттерге арналған алаңдарды әр үйдің маңайында ашу мүмкін емесін айтады. Дегенмен, ит жетектегендер ерінбей серуен алаңдарына жетсе, иесі де, иті де бой жазып қайтады дейді. Енді Алматыдағы серуен алаңдары кезең-кезеңімен жаңартылады. Алғаш болып «Южный» саябағындағы үй жануарларына арналған алаң жөнделмек. Онда жаттығу құрылғылары және иттерді серуендетуге арналған арнайы аймақ қарастырылған.
«Иттерге арналған алаңдар көбінесе саябақтарда орналасқан. Мысалы, «Южный» саябағының маңында ит ұстайтын адамдар көп тұрады. Сондықтан сол алаңдарды жаңарту барысында әкімдік қызметкерлері сол тұрғындардың ой-ұсыныстарын қаперге алатын болады», – деді Алматы қаласы Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Ерқанат ЗАИТОВ.
Бірақ иттерді серуендетуде тұрғындар негізгі талаптарды ұмытпауы керек. Яғни, қарғыбау мен тұмылдырық – міндетті.
Өмір Әнуарбек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы