Алматы облысында құқық қорғау қызметкерлеріне арналған тир орталығы ашылды

Алматы облысында құқық қорғау қызметкерлеріне арналған тир орталығы ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Есік қаласында тир орталығы ашылды. 25 метрлік жабық ғимаратта құқық қорғау қызметкерлері нысана көздеп, кәсібилігін көтере алады. Бұған дейін сақшылар мергендік қабілетін көтеру үшін сарбаздардың палигонына сабылатын. Бұл уақыт ұттырып, жұмысқа кедергі келтірсе, енді оқ атудан олқылық болмайды.

Макаров тапаншасы полицейлердің қанжығасында қалмай жүргенмен, қарудың қолданылуы сирек. Оқпанына оқ толтырған полицейлер кезек -кезек нысана көздеп, қатып қалған қолдарын икемге келтіріп жатыр. Барлығы құралайды көзге атқан мерген болмаса, атқан оқтың жартысын тигізе алуда олқылық танытпауы  тиіс.

Есік қаласында алғаш рет атылған тир орталығында шамамен күніне 50 шақты полицей келіп жаттыға алады. Қазіргі құқық қорғау қызметкерлеріне қойылған талап бойынша, олар 15 секунтта 8 оқ атып, оның кемінде төртеуін тигізуі керек болса, арнайы жасақтың жігіттері 15 секунтта 8 оқ атып, оның кемінде алтауын нысанаға тигізсе сынақтан өте алады.

Астанадан арнайы келген полиция генерал-майоры Асқар Шуашұлы  шара аясында жас жігіттерге нысана көздеуден шағын тренинг өткізіп үлгерді. Арнайы даярлық департаментінің басшысы, теракт, шабуыл жасау, секілді оқыс оқиғалар бола қалғанда адамдардың өмірін сақтау, қоғамның және өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті машықтану түрлерін үйрететін бұндай шеберхананың көмегі көп дейді.

«Бұндай ғимараттар болатын болса, қару ататын орын болатын болса, жеке құрамға министрдің бұйрығы бар, әрқайсысы жұмыс уақыты мен өз уақытында  осындай атыс қаруымен дайын болуы керек. Әр полицейдің өзіне бекітілген табелдік қаруы бар. Онымен ата білуі керек. Ертең мемлекеттің тірегі болуы тиіс», - деді ҚР ІІМ арнайы даярлық департаментінің басшысы, полиция  генерал-майоры Асқар ОСПАНОВ.

Тир орталығымен қатар қызметкерлер жаттығатын спорт кешені де қолданысқа берілді. Алматы облысына қарасты 19 аудан мен облыс басшылары келген жиында жастар спорттағы  меңгерген өнерлерін көрсетті. Еңбегі ескеріліп, мүлтіксіз қызмет атқарғандардың абыройын өсіріп, көптің көзінше марапаттады.

«Соңғы екі жылда барлық аудандардағы бөлімшелерде осындай атыс орталықтарын аштық. Полицейлер экстрималды жағдайға дайын болу үшін. Бұдан бөлек спорттық кешендермен де қамтуға тырысып жатырмыз. Бұрын жаттығу үшін қызметкерлер жылына бірнеше рет әскерилердің полигонына баратын. Енді жеке дайындала алады. Бұндай атыс алаңдарын ашу үшін мемлекет ақшасы жұмсалған жоқ. Аудандағы кәсіпкерлердің көмегі арқылы ашылған», - деді Алматы облысы ІІД басшысы, полиция  генерал-майоры Мұрат ҮРІМХАНОВ.  

Еңбекшіқазақ ауданы 81 елді-мекеннен тұратын облыстағы ең үлкен аудан. Халқы көп, шекараға жақын жер. Қылмысы да кем емес. Облыстық Ішкі істер басқармасының басшысы жеке құрам  кез келген қауіпке дайын болу мақсатыда 19 ауданның барлығына атыс орталықтарын аштық дейді. Ал соңғы 25 жылда Алматы облысында 30 шақты полицей қызмет бабында қаза тапқан екен.

Әмірболат Құсайынұлы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров