Алматы облысында еңбек мигранттарына қатысты екі бірдей істі қаралып жатыр

26.10.2017 22:30

Алматы облысында құзырлылар еңбек мигранттарына қатысты екі бірдей істі қарап жатыр. Бірінде, келімсектер жапа шексе, екінші іс бойынша керісінше айыпкер.  Өйткені, қос өзбек азаматы кәмелет жасына толмаған отандасымызға күш көрсетіп, құнды затын қолды қылған.

Кешкі алтыларда мына қос өзбек азаматы «Алтын орда» базарының маңында кәмелетке толмаған жас балаға қырғидай тиіп, қолындағы құны қымбат гитарасын тартып алыпты. Онысымен қоймай, жасөспірімге суық қарумен сес көрсетіп, оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.  Десе де, жедел-іздестіру кезінде тәртіп сақшылары келімсектерді дереу қолға түсіріп, уақытша оқшаулау абақтысына қамаған. Күдіктілер әуелде өз кінәларын мойындаған болса, қазір райларынан қайтып отыр екен.

«Аталған азаматтар қазіргі уақытта өзінің жасаған қылмыстарын мойындаудан бас тартып отыр. Сұрап, тексеру жұмыстарының жүргізілу барысында аталған екі азаматтың Ганиев Кенжебай атты азамат Өзбекстан Республикасында кісі өлтіру қылмыстық құқық бұзушылық бойынша бұрын сотты болғандығы анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жан-жақты тергеп тексеру әрекеттері жүргізілуде», - деді Алматы облысы Қарасай ауданы ІІБ басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айдос ҚАЛЖАТБАЙ.

Ал жастары 25-ке толмаған мына қос отандасымыз керісінше, іргелес елден келген азаматтарды «ренжіткен» көрінеді.  Өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар еңбек мигранттарынан ақша бопсалап келген. Әрі, оларды аяусыз ұрып-соққан.

«Құжатымды сұрадын деп, маған тисе бастады. «Біздің органда істейтіндігімізге сенбейсін бе?» деп ұрып жіберді жұдырықпен. Сосын жерге миым айналып құлаймын, жерге құлағаннан кейін мойнымдағы сумкамды тартып алады. Ішінде 80 мың теңге болған. Телефоным болған, айфон 5С. Соны алып, маған айтады мына жерден қашіп кет, болмаса атып тастаймыз деп. Мен қорыққанымнан қашамын», - деді жәбірленуші Ақылбай НАРЫМБЕТОВ.

Жалған полицейден жәбір көрген Ақылбай Нарымбетов 5 қыркүйекте Қарасай аудандық Ішкі істер басқармасына арызданған. Сақшылар көп күттірмей әлгі бұзақыларды ұстапты. Тергеу кезінде қарақшылардың бақандай 8 адамға күш көрсетіп, олардың 600 мың теңгеден астам ақшасын тартып алғанын анықтаған.

«Жалған құжатпен жүрген. Олардың біреуі Алматы академиясының курсанты болған. Бұрын сол жерде оқып кеткен. Оқудан шыққан уақытта сол жерде өзінің құжатын өзімен бірге алып қалған. Құжаттың сыртында көк түсті «Академия кітапханасы» деген жазу бар. Алайда, ішін ашқан уақытта өзінің формамен түскен суреті бейнеленген. Сол суретін көрсетіп, өзі полиция қызметкері болып танысқан», - деді Алматы облысы Қарасай ауданы ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі Самат САТҚАНБАЕВ.

Қазір жалған полицейлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Қарақшылық дерегі бойынша күдікке ілінген екеудің қылмыстары сот жүзінде дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы