«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электрондық-цифрлық қолтаңба кілттерінің мерзімі 3 жылға ұзартылғаны туралы хабарлады, деп жазады otyrar.kz.
Мемлекеттік қызметтерді алушылар тіркеу куәліктерінің (ЭЦҚ кілттері) жеке куәлік, eToken PRO 72K, JaCarta, Kaztoken, Akey сияқты қорғалған тасымалдаушылардағы негізгі ақпарат 3 жылға дейін сақталады.
Файлдық жүйеге шығарылған ЭЦҚ кілттерінің жарамдылық мерзімі өзгермейді, яғни 1 жылға тең болып қала береді. Өйткені файлдық жүйе сертификатталған кілт санатына жатпайды әрі жабық кілттерді ұзақ уақыт қауіпсіз сақтауға мүмкіндік бермейді.
Электрондық-цифрлық қолтаңба кілттерінің жарамдылығын ұзарту азаматтардың қолайлығы үшін жүзеге асырылған шара.
Егер де бұдан бұрынғы уақытта мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылар кілттерді «электрондық үкіметтің» порталындағы жеке кабинет арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ бөлімшелеріне жыл сайын барып мерзімді ұзартып отырған болса, ендігі уақытта ЭЦҚ-ны қайта шығару үшін үш жылда бір рет аталған бөлімшелерге баратын болады.
Естеріңізге салсақ, ЭЦҚ кілттерінің мерзімінің аяқталуына 30, 15, 7 күн қалғанда, пайдаланушының электронды поштасына (егер де ЭЦҚ кілтін алу барысында өтінімде поштасын көрсеткен болса) ЭЦҚ кілттерін қайта шығару керек екендігі туралы хабарландыру келеді.