Қала экологтары Наурызбай ауданын тексеру барысында қоқысқа толған қараусыз аумақты анықтады. Белгілі болғандай, жекенің меншігіндегі бұл аумақ банкте кепілдікте тұр екен. Ал иесі хабар-ошарсыз. Дегенмен, аудан атқамінерлері жақын арада барлығын ретке келдіреміз,- деп сендірді.
Дәл қазір мен Наурызбай ауданына қарасты, "Тау самалы" ықшам ауданы, Жандосов көшесінің солтүстік бөлігінде тұрмын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына аумақ тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының ордасына айналған. Тұрғындардың айтуынша бұл жерге күні-түні жеңіл және жүк көліктері келіп, қоқыстарын төгетін көрінеді.
Наурызбай ауданы әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, қараусыз жатқан бұл аумақтық қожайыны бар, бірақ жер банктердің бірінде кепілде тұр. Егесінің кім екені де белгісіз. Ал әзірге бұл учаскені жол құрылысын салып жатқан компания уақытша база ретінде пайдалануда. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, тау болып үйілген қалдықтарды жинайды. Қоқыстарды жергілікті коммуналдық қызметтері тазартады.
"Қоқыс бойынша, ол жерге кезекшілік ұйымдастырылып алдағы уақытта комиссиямен бірге. Ұсталған жағдайда міндетті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартамыз",- деді Алматы қаласының Наурызбай аудандық көріктендіру бөлімінің жетекшісі, Асылхан ОРЫНБЕКОВ.
Алматы қаласының экологтары әр аумақты осылай бақылауға алмақ. Тәртіпті пысқырмағандар жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды.
"Қаламыздың экологиялық санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында әрбір аудан бойынша күнделікті 15-20-ға дейін суреттер жіберіліп отырады. Бізде чат бар, соған жіберіп отырады. Аудан тарапынан сол анықталған адрестерді кешке қарай тазалап, соның нәтижесін бізге қайтадан жіберіп отырады"-, деді Алматы қаласы табиғатты қорғау және экология бөлімінің басшысы, Алмасбек СӘТТІБАЕВ.
Айыппұл көлемі де қомақты. 42 мың теңге. Айта кетейік, Наурызбай ауданында жыл басынан бері көріктендіру талаптарын бұзу бойынша 128 дерек тіркелді. Қоршаған ортаны күтпегендерге 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Азамат Әуезхан, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы