Елімізде алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер саны қысқарып кетті. Мәселен, Алматыда былтыр жүзден астам қылмыстық іс қаралса, оның тек бесеуіне алқабилер қатысқан. Ал биыл тәуелсіз қазылар тек үш процеске төрелік етті. Алқаби қызметіне ақы төленсе де, тұрғындар сот процесіне қатысуға құлықсыз. Халық билерден гөрі, дәстүрлі судьяларға көбірек сенетін көрінеді.
Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер саны жыл сайын азайып барады. Мәселен, 2007 жылы елімізде осы төрелік тәсілі алғаш енгізілгенде, қазылар қылмыстық істер бойынша өткен сот процестерінің 40 пайызына қатысатын. Ал соңғы жылдары бұл сан күрт төмендеп, небәрі 10 пайызға әрең жеткен. Былтыр Алматыдағы аса ауыр қылмыстық істер қаралатын ауданаралық сотта 127 іс қаралса, соның тек бесеуі алқабилер құрамымен өткен. Сот жүйесі мамандары бірнеше себепті атады: ең өзекті мәселе – қазы атанғысы келетін құлықты азаматтар аз дейді.
«Бір сот отырысына 12 адамды таңдап алу үшін, мысалы, 450 адамға дейін, 150 адамнан топқа бөліп, 3 рет шақыратын жағдаймыз болады. Кейбіреуі тіл білмейді, кейбіреуі қандай да бір пікірлермен келіспей жатады. Кейде жергілікті атқару органы ұсынған мекенжайда бізге ұсынылған адам мүлдем тұрмайтыны белгілі болып жатады. Немесе ол әлдеқашан басқа қалаға немесе азаматтығын өзгертіп, басқа елге көшіп кеткен болып шығады. Кейде тіпті, ол адам әскери қызметші, мемлекеттік қызметші немесе құқық қорғау органының қызметкері болып қалуы мүмкін», – деді Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қасым ҚАЛМАҒАМБЕТОВ.
Қоғамға аса қажет дәрігер және мұғалім сынды мамандық иелерін сот алқабилер қатарына қоспауға тырысады. Ал жасы 25-тен асқан, ақыл-есі дұрыс, тұрақты тіркеуі бар кез келген қала тұрғынына би болуға рұқсат бар. Тек бір ғана талап – өмірбаяны қылмыстан таза болуы тиіс. Тәуелсіз қазыларға тіпті, осы қызметі үшін ақы төленеді. Олар сот отырысы болатын күндері өз жұмыстарынан босатылып, алқаби болғаны үшін судьяның бір күндік жалақысының 70 пайызы көлемінде ақша алады. Бірақ соған қарамастан, би болудан бас тартатындар көп екен.
Қаладағы азаматтарды сөзге тартып көргенімізде, олардың кейбіреуі: «Алқаби болуға келісер едім, себебі, бұл жерде бірнеше адамның ойы сарапталады. Ал судья тек өз көңіліне байланысты шешім қабылдауы мүмкін» десе, енді бірі: «Сотта бір адамның тағдыры шешіледі. Ондай іске қатысу өте қиын. Сондықтан мен алқаби болудан бас тартар едім. Алқаби болудан қорықпаймын, тек жауапкершіліктен қорқамын. Адамның тұтас тағдырын шешуді мойныма алғым келмес еді. Үкімді сот шығарғаны дұрыс деп санаймын» деген пікірді ұстанады.
Ал тағы бір азаматша: «Тек судья, прокурор мен адвокаттардың ғана пікірлері емес қарапайым адамдардың да пікірлері болуы керек. Сондықтан алқаби болудан бас тартпас едім. Жалпы, бізде мұндай жүйені шет елдердегідей жетілдіру қажет» - деп, алқабилер төрелігіне оң көзбен қарайтынын жеткізеді.
Тұрғындардың алқаби болудан бас алып қашуының тағы бір себебі – олар сотталушы тарапынан жәбір көреміз бе деп жүрексінеді екен. Өйткені, мұндай қазылар аса ауыр қылмыс жасаған сот процестеріне қатысады. Сондықтан, бұрын-соңды сот залына кіріп көрмегендер қылмыскермен бетпе-бет кездескенде, ол қызметтерінен бірден айнып қалатын көрінеді. Бет-жүзін жасырған мына келіншек те өмірінде бірінші рет қазылық еткен. Үй шаруасындағы әйел дәлелдемелерді таразыға тартып, нағыз қылмыскер мен жазықсыз жанды айырудың қиын екенін алға тартты.
«Бір қылмыстық іске ғана алқаби болып қатысқанның өзінде, моральдық, тіпті өмірлік тәжірибе алып шықтық. Өте қиын екенін көрдік. Ал соттар болса, бір жылдың ішінде сондай аса ауыр қылмыстарды көп қарайды. Оларға тіптен ауыр екеніне көзім жетті. Істі қарау барысында барлығын тексердік, дәлелдемелер зерттедік. Содан кейін кеңесу бөлмесіне шықтық. Алқабилермен, сотпен бірге шықтық. Өте ауыр болды, біреудің тағдырын шешу оңай шаруа емес екен», – дейді Ұлбосын Маратова.
Айта кетсек, сот отырысына шақырылған үміткерлердің ішінен заң талаптарына сай іріктелген 10 негізгі және 2 қосалқы қазылар алқасы құрылады. Олар процесте арнайы орындарға жайғасады. Бір қылмыстық істі қараған тәуелсіз қазының кезекті іске араласуы үшін арада 1 жыл уақыт өтуі тиіс.
Қазір сотталушылардың көбі өз тағдырын қазылардан гөрі, бұрынғыша, судьяға тапсырғанды дұрыс көреді екен. Сондықтан алқаби сұрап әуре болмайды. Дегенмен, күдіктіні кінәлі не кінәсіз деп тануда алқабилердің де ұйғарымы маңызды екенін кәсіби судьялардың өзі мойындайды.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы