Судьялар алдағы уақытта шығарған үкімдерін түсіндіруге міндеттеледі

Судьялар алдағы уақытта шығарған үкімдерін түсіндіруге міндеттеледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Судьялар алдағы уақытта шығарған үкімдерін түсіндіруге міндеттеледі. 1 қыркүйектен бастап аудандық судьяларға қойылатын жаңа нормативтік талаптар күшіне енбек. Бұл туралы бүгін Жоғарғы сот кеңсесінде өткен жалпы отырыста айтылды. Қазылардың қоғамдағы рөлі мен кәсіби тұрғыда қолданылатын терминдерді тілге тиек еткен Жақып Асанов азаматтық процестер кезінде фемида өкілдері екі тарапты татуластыруға ұмтылатын медиаторға айналуы тиіс деді.

Халыққа бір табан жақын жүретін Жақып Асанов бұл жолғы жиында заң терминдеріне тоқталды. Олардың басым бөлігі халыққа түсініксіз, тіпті, беймәлім екені анық. Ақпарға сүйенсек, өткен жылы республиканың аудандық, қалалық судьялары 1 млн 200 мыңға жуық түрлі деңгейдегі қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарастырған. Әрбірі бойынша түрлі шешім, үкім, қажетті қаулы қабылданыпты. Осы орайда, үкіммен келіспейтіндер де санының жоғары екені жасырын емес. Өйткені, қабылданған шешімнің басым бөлігін жұрт дұрыс түсінбей жатады. Осы орайда, қарапайым тілге зер салуды Жақып Асанов қайтадан міндет етті.

«Мазмұны бойынша соттың шешімі оңай, жеңіл, түсінікті тілмен жазылсын деп шешім қабылдадық. Сосын, мысалы, арыз иесінің әр уәжіне нөмірлеп тұрып сот шешімінде соларға жауап беруіміз міндетті деп шештік. Сонымен қатар, біздің заң терминдеріміз көп. Оны қарапайым адам түсіне бермейді. Оны біз сот шешімдерінде пайдалануға міндеттіміз. Біз оны пайдаланғанда қарапайым тілге аударуды талап еттік», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Осы олқылықтарды Жоғарғы сот судьясы Ербол Рахымбековта растады.Оның сөзінше, үкімдердің барлық түрінің құрылымын қайта қарау қажет.Әрі, ұзын-сонар жазудан бас тартып, үкімді қысқа әрі түсінікті шығарған жөн. Сонымен қатар, бірнеше эпизодты істе хронология сақталып, оларды санмен міндетті түрде белгілеу шарт екенін жеткізді.

«Өткен жылдың ішінде еліміздің сот жүйесінде шамамен 35 мың адамға қатысты 29 мыңнан астам үкім шығарды. Адамға шығарылған әр үкімнің артында оның тағдыры, оның жақындарының тағдыры тұр. Сондықтан үкім заңды, ал жазаның тағайындалуы әділ болуы тиіс», - деді ҚР Жоғарғы сот судьясы Ербол РАХЫМБЕКОВ.

Осы кезекте сот өкілдеріне қойылатын техникалық талап күшеймек. Қарапайым жұртқа жақындай түсу үшін әр ауданның, қаланың фемида өкілі алдағы уақытта күзге дейін «шешендік өнерді» де меңгеріп, үкім шығаратын құзіретті органнан медиаторға айналуы тиіс. Әрі, сандық сауаттылықты дамытулары қажет.

«Қазіргі кезде біз аудандық, қалалық судьяларды түсіндіру әдістемелеріне, шешімді қалай жазу, қалай сөйлеу керектігіне, шешендікке бейімдеуіміз керек.Онсыз болмайды», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Төраға судьяларға артылып отырған жүктің оңай емес екенін жеткізді. Мәлімет бойынша, соңғы 5 жылда қарастырылған құжаттар 2 есеге артқан. 2013 жылы әр фемида өкілі 70 шақты материал қараса, бүгіндері оның саны 130-дан асыпты. Ал Алматы мен Астанада бұл сан 200-300-ге дейін барады екен. Осы орайда, ІТ технологиясын пайдалану керек екенін ескертті. Сонымен қатар, Жақып Асанов адам тағдырына қатысты азаматтық істердегі шешімдерді, үйдің іргетасына теңестірді. Оның сөзінше, бастапқы кезде дұрыс қаланған негіз, баспананы берік ұстайды. Сот жүйесінде де дәл сол сияқты. Дұрыс шешім қабылданып, артық сөз болмауы керек дейді.

«Біз кітаптан бір мысал келтірген болатынбыз. Яғни, онда түсініксіз құжат авторларын алаяқтарға теңестірген болатын. Себебі, олардың басты мақсаты- адамдарды шатастыру еді. Ал біз заңгерлерміз ғой. Оның барлығын түсінуіміз қажет. Халық шешімді дұрыс түсіну керек», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Айта кетейік, бүгінгі кеңейтілген жиынға Жоғарғы сот өкілдері, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Президент әкімшілігі, Конституциялық Кеңес, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот кеңесі, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен Қаржы министрлігінің өкілдері қатысты. Одан бөлек, қарапайым заңгерлік қауымдастықтың қызметкерлі де бой көрсетті.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров