Алматының Медеу ауданындағы жаңартылған жерасты өткелдерінің бірі ертең қолданысқа беріледі. Тағы екеуінің жөндеуі жуық арада аяқталуға жақын.
Жергілікті әкімдік енді халық құты қашқан жерасты өткелдерін емес, заманауи дизайнмен жасалған нұсқасын көреді дейді. Ең қызығы, жөндеу кезінде табылған тарихи барельеф те жуық арада қайта қалпына келтіріліп, алматылықтардың көз қуанышына айналмақ.
Достық пен Қажымұқан көшелері қиылысындағы жерасты өткелінен табылған барельефті жасауға Кеңес Одағының үш дизайнер суретшісі атсалысқан. Қыштан жасалған «Ғарыш және күн» деп аталатын жұмысқа биыл 50 жыл толғалы отыр. Әйтсе де, бұрынғы келбетін еш жоғалтпаған. Тек кейбір бөлшектері үгітіліп түскендіктен, қайта қалыпқа келтіруді қажет етеді екен. Авторлар қатарында төл теңгенің эскизін жасауға көмектескен суретші-дизайнер Айрат Исмамбетов болған. Оның ұлы әкесінің бұл жұмысқа бар өнерін салғанын айтады. Ол кезде әлі бала болған Эрлен Исмамбетов тарихи жәдігер көз алдымда қашалып жасалды деп еске алды.
«Бұл жұмыстың эскиздері алдымен шеберханада сызылған. Кейін қашалып, қыш фабрикасында отқа күйдірілген. Мұндай үлкен көлемді дүниенің пешке сыймайтыны түсінікті. Сондықтан, әрбір детальды бөлек-бөлек жасап барып, бірге құрастырған. Үлкен еңбекті талап еткен жұмыс десек те болады. Қыштың ішінде шамот деген материал бар. Ол өте төзімді келеді», – дейді Айрат Исмамбетовтың ұлы Эрлен ИСМАМБЕТОВ.
Туындының бөлшектерін айна-қатесіз қалпына келтіру үшін алматылық суретші-дизайнерлер мұрағатты әбден ақтарған. Тек өкінішке қарай, оның толық ұзындығы бойынша дерек те, сурет те сақталмапты. Дегенмен, авторлардың бірінің ұлы көмекке келіп, жәдігерді сақтап қалу үшін аямай көмектесіп жүр. Ал табылған барельефті Медеу ауданы әкімшілігі бәз қалпында сақтап қалмақ.
«Өкінішке қарай, мұрағатта барельф туралы тың деректер, суреттер сақталмаған. Бірақ сонда да оның бөлшектерін тәжірибелі суретшілердің көмегімен қайта қалыпқа келтірудеміз. Мақсатымызға жетуге аз қалды. Болашақта туындының жанына ақпараттық тақтайша орнатуды көздеп отырмыз», – деді Жас суретшілер орталығының жетекшісі Кристина БЕКМҰРЗАЕВА.
Жаңартылған жерасты өткелдерінің бәрінде жанға жайлы әуендер, қазақтың күйлері ойнап тұрады және жарық үнемдейтін шамдар, бейнебақылау камералары орнатылады.
«Абай, Достық даңғылында жеті қазынаның суреті салынған, Достық және Қажымұқан өткелінде тақта жасалған. 1970-80-ші жылдары жасалған қыш бұйымды қайта қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Бүгінгі таңда қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Қазір 3 жерасты өткелінің жұмыстары аяқталып қалды», – деді Алматы қаласы Медеу аудандық Көріктендіру бөлімінің басшысы Ұлан АБДУЛЛАЕВ.
Халық жерасты өткелдерінің игілігін тамыз айында көреді. Адам аяғы үзілмейтін орында бұдан былай тазалық шаралары да қатаң сақталмақ. Өйткені, ондағы бейнабақылау камералары тікелей аудандық Ішкі істер басқармасына жалғанған.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы