Жастар мен әйелдердің бойына діни экстремистік ұйымдардың насихаттарына қарсы тұратын берік иммунитет қалыптастыру қажет. «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференцияға қатысқан мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова осылай деді. Алматыда өткен ауқымды жиында, Мемлекеттік хатшы елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі туралы міндеттер қойғанын атап өтті. Мамандардың айтуынша, қазір еліміздегі 4 млн. жастардың 79,6 пайызы діни көзқарастарды ұстанады. Олардың арасындағы дінді белсенді ұстанушылардың үлесі - 9,9 пайыз.
«Діндар адамдардың радикалдануының негізгі ошағы ғаламтор. Интернет жүйесі кездеспей-ақ нақты мақсатты көздей отырып уағыз жүргізудің көзі болып табылады. Діни экстримистік бағыттағы сайттардың саны әлеуметтік желіде көбейіп отыр. Еліміздің ғаламтор кеңістігінде 100 мыңнан астам терроризм және экстремизм идеяларын тарату деректері анықталған»,- деді ҚР мемлекеттік хатшысы, Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА.
Өткен жылдың алты айында экстремизм және терроризм нышаны бар 315 қылмыс тіркеліп, 12 экстремистік актілердің жолы кесілді. Салафиттік ұстанымның 70-ке жуық жетекшілері қазақ қоғамының құндылықтарына түсіндірме жұмыстарынан соң қайта оралған. Ал террористермен бірге шетелге шығып, соғысқа қатыспақ болған 91 қазақстандыққа тосқауыл қойылыпты. Террористік және діни-экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін 123 адам сотталып, қылмыстық жазасын өтеп жатыр.