Елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны жыл санап артып келеді

Елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны жыл санап артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны жыл санап артып келеді. Қазір ел аумағында аталмыш дертке 18 мыңға жуық адам шалдыққан болса, оның 2 жарым мыңнан астамы Алматыдағы арнайы орталықта тіркеуде тұр. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы кездері бұл індетті жыныстық қатынас арқылы жұқтыру белең алып келеді.

Алматылық Борис Исаевтың ВИЧ инфекциясына шалдыққанына 15 жылдың жүзі болған. Ол аты жаман ауруды тамыр арқылы есірткі қабылдап жұқтырыпты. Бастапқыда дертін жасырып, қоғамнан оқшаулануға тырысқан. Қазір өзін еркін сезінеді. Ел қатарлы отбасын құрып, Үкіметтік емес ұйымға жұмысқа тұрыпты. Онда өзі сияқты жұқпалы дертке шалдыққандарға көмек көрсетеді екен. Айтуынша, үш жолмен ғана жұғатын ВИЧ инфекциясынан қорқудың қажеті жоқ. Тек үзбей ем алып, аурумен күресе білу керек, дейді ол.

«Мен кәдімгі адамдар сияқты өмір сүремін. Жұмыс істеп, алдыма мақсаттар қоямын. Отбасын құрып, ұрпақ өрбіте аламын. Мұның барлығы мүмкін, егер адам өзінің денсаулығына немқұрайлы қарамай, тұрақты түрде ем қабылдаса, ауруды ауыздықтауға болады. Қазір ВИЧ жұқтырған адамдарға мемелекет барынша қолдау көрсетіп жатыр. Ем қабылдау, дәрі-дәрмектің барлығы тегін», - деді Борис ИСАЕВ.

Борис сынды ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың қарасы елімізде жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, бұл дертке қазір Қазақстан бойынша 18 мыңға жуық адам шалдыққан болса, оның 2600-ден астамы Алматыда тіркеуде тұр. Дәрігерлер әр науқасқа жекелей антиретровирустық ем тағайындайды. Тегін берілетін дәрілер қатарында, қазақстандық препараттар да бар. Ақ халаттылардың сөзінше кейінгі жылдары бұл індетті алдын-ала анықтау көрсеткіші де 84 пайызға артқан.  

«Әртүрлі себептермен келіп тексеріледі. Қазір ауруханаға жатуға дайындалу кезінде, операцияға дайындалу кезінде барлығынан осы анализды талап етеді. Жүктілер әйелдер кеңесіне есепке тұрған кезде тапсырады 2 рет. Сонмен қатар, бізде міндетті түрде бұл тексеруден өтетін контитент бар. Ол бізде әскери қызметтегілер және медициналық қызметтегілер. Шетелге шығатын азаматтар тексеріледі», - деді Алматы қаласы «ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының» дәрігері Әйгерім ӘЛІМБЕКОВА.

Айтып өтсек, Алматы қаласында 1987 жылдан бастап осы уақытқа дейін адамның иммунды тапшылық вирусымен 5 жарым мыңға жуық адам ауырған. Оның ішінде 1 мың 651 адам сырқатын жеңе алмай көз жұмыпты. Қазіргі есептегілердің 53-і 15 жасқа дейінгі балалар. Медиктердің мәліметінше, инъекциялық есірткі қабылдаушылар арасында ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар қатары кеміп келеді. Есесіне бұл сырқатты жыныстық жолмен жұқтыру белең алған. Мәселен, Алматыдағы 2600-ден астам адамның 65 пайызы ВИЧ-ті төсек қатынасы арқылы тапқан.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров