Алматыда үнемделген бюджет қаржысы әлеуметтік шығындарға бөлінеді

Алматыда үнемделген бюджет қаржысы әлеуметтік шығындарға бөлінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бюджетті үнемдеу есебінен қосымша жолдар салынып, жарық желілері жөнделетін болды.

Бүгін жергілікті мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында қала бюджеті қайта нақтыланды. Енді бюджет шығындарын үнемдеудің арқасында, әлеуметтік қажеттіліктерге қосымша 9 миллиард теңге бөлінбек. Әсіресе бұл жолы мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау көзделіп отыр. Оларды қолдау мақсатында 675 адамға тифлотехникалық, ал 871 адамға сурдотехникалық жабдықтар сатып алынады. Ал 1 млн 400 мың теңге баспалдақпен көтергіш құралдар сатып алуға жұмсалады.

№2 интернаттағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға жағдай жасау үшін 1 млн 800 мың теңге бөлінеді. Айта кетсек, биылғы Алматы бюджеті шамамен, 527 миллиард теңгені құрайды. 

«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы экономикасының барлық салаларында 103,8% өсім байқалады. Мысалы, бөлшек сауда 8,3%-ға, өнеркәсіп 4,4%-ға,  құрылыс 4,7%-ға ұлғайды. Ал бес айдың ішінде шетелдік инвестиция  25,1%-ды құрады. Мемлекеттік бюджеттің салық түсімі 110,3%-ға өсті», – деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алтынай ТӨЛЕУТАЕВА.

Одан бөлек, қыркүйек айында Алатау ауданында төрт, ал Наурызбай ауданында бір балабақша ашылмақ. Жалпы, үнемделген қаржыдан білім саласына 457 миллион теңге бөлу қарастырылған. Оған қоса, 7 мектепке сейсмикалық қатайту жұмыстары жүргізіліп, оқушыларды оқулықтармен қамтуға 194 миллион теңге жұмсалады.

Сондай-ақ, қаланың бірқатар аудандарында көше шамдары жөнделеді. Алатау ауданындағы Ақбұлақ, Алғабас, Қарасу, Көк-Кайнар, Ұлжан-2 ықшамаудандарының жолдары жөнделеді. 

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров