Алматыда жаңа фонтандар салынып, көше жиһаздары мен қосымша шамдар орнатылады

02.08.2018 23:02

Бірінші қыркүйектен бастап Алматыда бес жаңа субұрқақ пайда болады. Олардың кейбірі қайта қалпына келтірілетін ескі фонтандар.

Сонымен қатар, жаңа көше жиһаздары мен еден шамдары орнатылмақ. Биыл Достық, Абай, Абылай хан даңғылындарынғы жаяу жүргіншілер жолағы жаңа кейіпке енбек. Жөндеу жұмыстары жаз бойы қарқынды жүргізілді. Қазір мердігер мекеменің құрылысшылары тастарды төсеп жатыр.

«Республика сарайының алаңында үлкен фонтан болады, яғни екі субұрқақ қайта жаңғыртылып, ортасына бір үлкен фонтан орнатылады. Неге десеңіз, ол жердегі алаңның аумағы өте кең», – деп түсіндіріп өтті  Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Абылай хан мен Шевченко көшелерінің қиылысына да жаңа субұрқақ орнатылады. Бұл аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылады.

Сонымен қатар, «Алматы-2» теміржол вокзалы, Абылай хан даңғылының Мәметова және Қабанбай батыр көшелерімен қиылыстарында да дәл сондай жұмыстар жүргізілмек.

Ал елімізде шығарылатын көше жиһаздары тамыз айының ортасында Алматы көшелеріне орнатыла бастайды.