Алматыдағы жаңа атау берілген көшелердің тақтайшалары тәуелсіздік күні ауыстырылмақ

11.12.2017 в 22:19

Алматыдағы жаңа атау берілген -  Нұрсұлтан Назарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және Роза Бағланова атындағы көшелердің тақтайшалары тәуелсіздік күні әрі кәсіпкерлер есебінен ауыстырылады. Мұндай игі бастаманы қаланың үш кәсіпкері ұсынды. Олар көшелер тақтайшаларын жаңартуға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ат салыспақ. Сонымен, 16-шы желтоқсан күні қаладағы басты Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында 160 үй мен 33 заңды ұйымның нұсқаулары өзгертіледі. Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде 115 тұрғын үй мен 11 заңды нысанда, ал Роза Бағланова атындағы көшедегі 136 үйде тақта жаңартылады. Тақтайшалар бірыңғай үлгіде орнатылмақ.

«Елбасымыз осындай мүмкіндік беріп жатыр. Осындай мүмкіншілікке тарихқа артқа қарайтын болсақ, көп мәселелерді ойлануға болады. Көз жіберуге болады. Ал, бүгінгі күндегі мәселе өте үлкен жетістіктерге кәсіпкер ретінде жеткен жетістіктерімізді мен айтар едім елбасымыздың тікелей еңбегі. Қосып келе жатқан үлесімізде баршылық. Қазір өз үлесімізді осындай жолмен біз көрсеткіміз келді. Оның ішінде қосылған жақсы кәсіпкерлер, жақсы депутаттар бар»,-деді Кәсіпкер, Мұрат ӘДІЛХАНОВ.

Еске салайық, өткен аптада қалалық мәслихаттың шешімімен қала аумағындағы 112 көшеге жаңа атау берілді. Өйткені, Алматыға қосылған елді-мекендерде көше аттары қайталанып келген. 43 көшеге елге еңбегі сіңген, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, халық жазушылары мен халық әртістерінің есімдері берілді. Қалғанына жер-су аттары қойылды.