Талдықорғанда 3 адам менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түсті

19.06.2018 15:37

Талдықорғанда соңғы екі күнде менингококк жұқтырды деген күдікпен үш адам ауруханаға түсті. Оның біреуі 9 жасар бала. Бұл туралы Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов tengrinews тілшісіне хабарлаған. Кеше 18 және 28 жастағы ер адамдар, ал бүгін 9 жастағы бала ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, олардың бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ, бірақ барлығы да ораза ұстаған екен. Және үшеуі де жұма күні мешітте намазда болған. "Қазір 9 жастағы бала облыстық балалар ауруханасындағы жансақтау бөліміне жатқызылды. Зертхана қорытындыларын әлі шықпаған. Дегенмен алдын ала қойылған диагноз бойынша үшеуі де менингококк инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін", - деп хабарлады Ерғали Сыдыманов. Дәрігерлер науқастардың жағдайын орташа деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта барлығы тиісті ем алып жатыр.