Талғарда үйлерді тонап келген әккі ұрылар қолға түсті

Талғарда үйлерді тонап келген әккі ұрылар қолға түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Талғар ауданында талайдан бері үйлерді тонап келген әккі ұрылар қолға түсті. Олар тек 6 тұрғынның өзіне, 7 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Сұғанақтар айласын асыру үшін байланыс құралы ретінде  арнайы рация пайдаланыпты.  Ал, ұрлыққа ымырт үйірілгенде түсіп отырған. Күдіктілер мұндай қылмысқа жұмыс жоқтықтан бардық деп отыр.

Бесағаш ауылының тұрғыны Жанболат Сатов осыдан бір апта бұрын үйін небары 3 сағатқа қараусыз қалдырып, отбасымен қонаққа кеткен. Осы сәтті оңтайлы пайдаланған ұрылар, үйдің терезесін бұзып кірген. Сұғанақтар баспананың астаң-кестеңін шығарып, құны қымбат теледидар, фотоаппарат, ноутбук пен күміс бұйымдарды үптеп кеткен. Одан қалды, отағасының немересіне деп тиын салғышқа жинаған 70 мың теңгесін де қолды қылыпты. Мұндай сұмдықтан шошынған Сатовтар әулеті бірден полицейлерді шақыртқан. Жедел іске кіріскен сақшылар көп ұзамай, әккі ұрыларды қолға түсіреді. Алайда, сұғанақтар ұрлаған заттарының барлығын сатып үлгеріп, иесіне тек фотоаппараты ғана кері қайтарды. 

«Үйдің іші астаң-кестең. Барлық жерді тінтіп шыққан. Сол ақша, алтын бұйымдарын іздеген-ау деймін.  Дәрілердің қораптарына дейін ашып қараған. Бүкіл сандықтың ішін ашып, ішіндегі заттардың барлығын шашып, астаң-кестеңін шығарып, үйдің ойранын шығарып кеткен», - деді жәбірленуші Жанболат САТОВ.

Тонаушылардың екеуі қолға түскен, ал біреуі іздестіріліп жатыр. Қазір қамауда отырғандары тергеп-тексерілуде. Олар Талғар ауданындағы 6 үйді ғана тонадық деп кінәларын мойындап отыр. Алайда, құзырлылардың бұған сенгісі жоқ. Өйткені, қос күдіктінің біреуі бұрын бұзақылық дерегі бойынша темір торда отырып келген.

«Екі қолға бір күрек таба алмағандықтан, қылмысқа бардық» - деп қиылған әккі ұрылар үйлерге қас қарая түскен. Ал, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін байланыс құралы ретінде сымсыз рация қолданыпты.

Сұғанақтар үйлерден үптеп кеткен заттарын бірден Алматының Көк базар аумағындағы алыпсатарларға сатып, оңай олжаға батып отырған. Олар тек 6 баспанадан тонаған мүліктің құны 7 миллинон 415 мың теңгеден асқан.

«Бесағаш, Тұздыбастау ауылдарында өздерінің иелігіндегі автокөлікпен 3 адам болып кешкі уақытта көз жеткізіп үйде ешкімнің жоқ екеніне, содан кейін терезені ығыстыру арқылы үйге кіреді. Үйге кіру барысында жеке мүлік - теледидар, ноутбук, тұрмыстық техника, алтын бұйымдар жасырын ұрлайды.  Олар қылмыс жасау барысында байланыс құралдары ретінде рация пайдаланған», - деді Алматы облысы Талғар ауданы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі Абай СЕРАЛИЕВ.

Құзырлылар қос күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысын тексеруде. Сондай-ақ, ұрылардың олжасын алып отырған Көк базардағы алыпсатарларды да анықтамақ. Айта кетсек, аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғандарға 188 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлары дәлелденсе, олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы
Новости партнеров