Тамаша тарланы Құдайберген Сұлтанбаевті еске алу кеші өтті

12.06.2018 04:42

Астанада халық әртісі, дарынды тұлға Құдайберген Сұлтанбаевты еске алу кеші өтті. Әзіл өнерінің қара шаңырағына айналған «Тамашаның» іргетасын қалап, қалжың арқылы әлеуметтік мәні зор, көтеретін жүгі ауыр мәселелерді қалжыңмен бере білген актердың артында қазір өшпес мұрасы, ізін қуалаған шәкірттері қалды. Кинода сомдаған әрбір рөлі де ерекше,-дейді көпшілік.

Құдайберген Сұлтанбаев 90 жылдардың тоқырауында ең алғаш көгілдір экран арқылы халыққа жол тартқан «Тамаша» театрының  іргетасын қалап, сатиралық комедия жанрының жандануына үлес қосқан тұлға. Сахнада түрлі образға еркін еніп, кинода сүбелі рөлдерді сомдаған халық әртісі сол кездері Тоқсын Құлыбеков, Уайыс Сұлтанғазин, Мейірман Нұркеев сынды театр саңлақтарымен бірге әріптес болды.

Қазақ қашанда астармен ой жеткізген халық. Дүйім жұрттың езуін күлкіден арылтпай, сол заманның көлеңкелі тұстарын көрсеткен әртіс шығармашылық ұжымда кемші тұстардың болғанын да жасырған жоқ. Көрерменді сол кездің өзінде жеңіл де жалаң, жыртақтаған күлкіге бейімдеп алдық деп кейіген тұстары да болыпты.  

«Мысалға кейбіреулер бізді көрсе күлдіріп кетіңізші,-дейді. Өте қатты ызаланатын. Біздің өз басымыздан да өтті ғой өзі. Сонда немене айналайын менің бір жерім ашылып тұр ма?-дейтін кездері де болды. Қатты айтқан кездері де болды»,- деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса Гүлбаушан ТІЛЕУБЕКОВА.

«Мектепте оқып жүргенде сұрайтынмын осы әке неге басқа депутаттар сияқты көп сөйлемейсің. Тыныш қана отыра бересің деп. Сонда өзінің бір айтқаны бар. Мәселе тұрып бір нәрсені баяндау емес, мәселе жұмысты көрсету. Көптеген өзінің ауылына, Арал өңіріне туған жеріне, көптеген жақсылық жасады. Су мәселесін шешті. Одан кейін жол мәселесін, мектепті де шешті. Бір жұмыстармен»,-деді Қ.Сұлтанбаевтың ұлы Еркебұлан ТӘУЕКЕЛ.

Театр тарланы бір сөзінде «бүгін барлық əзiл-оспақ отаулары аға буын қалап кеткен жолдан шыға алмай, жауыр болған тақырыпты қайталап келеді " – деген.  Өнерде ізін қуған інісі Бауыржан Ибрагимовта бұл пікірге қосылады.

«Жалпы енді сол кездегі жасалған дүниелер, сол кездегі өнерге деген көзқарас жауапкершілік. Өйткені теледидарға шығып, халыққа бір сөз айту үшін үлкен жауапкершілік. Қазіргілер енді КВН сынды. Үстіртін. Анекдот в действиях. Барып едім осындай екен. Вокзалда түр ем қарадым жоқ екен. Болмаса ит болып үреді, болмаса автомат болады. Халық соған күледі. Соған үйренген. Қазір негізбен жасалатын дүниелер жоқ. Оны мойындау керек»,-деді ҚР еңбек сіңірген әртісі, актер Бауыржан ИБРАГИМОВ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясына енген шараға Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері арнайы келіп, отбасы мен туған туысына  құрмет көрсетті. Құдайберген Сұлтанбаев өмірінің соңына дейін киелі шаңырақ әкем театрда жұмыс істеп кеткен. Әубәкір Рахимовтың «Құдалар» спектаклінде Әбдуса-лам, «Гамлет», «Ромео-Джульетта», «Ана - Жер-Ана», «Ревизор», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Сағыныш пен Елес»» сынды қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдаған. Театр сахнасындағы соңғы рөлі- «Қылмыскерге куәлік» болса, «Ғашық жүрек»  фильмінде бақсының рөлін ойнап үлгеріпті.

Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов Алматы телеарнасы, Астанадан.