Тәртіп сақшыларымен тілдесу жеңілдей түспек. Бұдан былай 102 қызметіне хабарласқан тұрғындар шағымын айту үшін желіде кезек күтпейді. Оған операторлар 1 минуттың ішінде үн қатады. Қаладағы 102 қызметі тың тәсілмен жұмыс істеуге көшті. Арнайы қойылған монитор оператордың жұмысын қадағалауға, әрі желіде қанша адамның кезек күтіп тұрғанын көруге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 102 қызметіне 700 мыңнан астам тұрғын хабарласыпты.
«Бұл мониторда кезекшілікке түсетін жедел кезекші қанша азаматтардың желіде тұрғанын бақылап, операторларға арнайы нұсқаулықтар беріп жатады. Енді операторлардың қоңырау қабылдауларының мерзімі 1 минутқа дейін қоңырау қабылдайды. Барлық тиісті мәліметтерді ала салысымен аға офицерлерге жолдайды», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
¤Қазіргі уақытта Алматы қаласының 102 жедел басқару орталығында тәулігіне 10 оператор жұмыс істейді. Олардың әрқайсы күніне 200-ге жуық қоңырау қабылдайды. Десе де, жалған ақпаратпен мамандардың уақытын алатын тұрғындардың да саны тым көп екен. Биыл 4 мыңға жуық адам жалған қоңырау шалыпты. Олардың төртеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Ауру адам болса кешірімді, ал дені сау, есі дұрыс адам болса, бұл іс әрекеттері заңға қайшы болып табылады. Әкімшілік Кодекстің 138 бабының 1 тармағы бойынша сараланады. Бұл 30 АЕК мөлшерінде айыппұл көздейді. Бұл 68 мыңнан аса теңге. Бұл өте қомақты сомма, сондықтан осындай іс-әрекеттерге бармас бұрын 5-6 рет ойланып алыңыздар. Бұл бұзақылық әрекет емес, бұл құқық бұзушылық болып танылады», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.