Тау туризмі: Шымбұлақ пен Медеуге бір жылда 800 мыңдай турист келген

Тау туризмі: Шымбұлақ пен Медеуге бір жылда 800 мыңдай турист келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы демалыс күндері Алматыда дәстүрлі Тау және спорт фестивалі өтеді. Биылғы  шара шеңберінде халықаралық «Almaty Mount Forum» форумында ұйымдастырылмақ. Онда Австриядан, Франциядан және Ресейден келген мамандар қаланың тау туризмін дамыту турасында әңгіме өрбітеді.

Сондай-ақ, танымал швед саяхатшысы Йохан Нильсон туристерді тарту тәсілдері туралы айтып береді. Жиһанкез 140 мемлекетте 30-дан астам экспедицияны бастан өткерген. Осылайша, ұйымдастырушылар дүйім жұртқа белсенді демалыстың пайдасы жайлы кеңінен насихаттаймыз дейді. Айта кетейік, фестиваль күндері Шымбұлаққа апарар арқан жолдың ақысы бар болғаны 500 теңге болмақ. 

«Біздің өзіміздің табиғатымыз – Шымбұлағымызбен, Медеуімізбен мақтанамыз. Бұл халықаралық фестиваль осы жерде үшінші рет өткелі отыр. Әрқашан әр қалаға келген адам, Қазақстанның тұрғыны болсын, алыс елден келген шетелдік қонақтар болсын, бәрі осы біздің Алматының Шымбұлақтың шатқалына шыққысы келеді. Медеуге келгісі келеді. Өткен жылы шамамен, 800 мыңға жуық турист Шымбұлақ, Медеуге келді», – деді  Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Алмасбек МАХАНБЕТИЯРОВ.

Тау фестивалінің үшінші күні қатысушылар таңғы сағат 5-те теңіз деңгейінен 4147 метр биіктікте тұрған «Молодежный» шыңына көтеріледі. Оған кез келген дайындығы жоқ азаматтар да қатыса алады. Оған қоса, биыл тау спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров