Тексеру нәтижесі: Алматы вокзалдары күрделі жөндеуден өтеді

07.04.2018 00:30

Алматы вокзалдарына айтылған сыннан кейін толық жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Олқылықтың орнын толтыру үшін бүгін жауаптылар қоғамдық кеңес мүшелеріне жоспарларын көрсетті. Темір жол вокзалдары 2019  жылдың соңына дейін басқаша кейіпке еніп, түрленетін болады. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасы жақсарады деп сендірді «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдері. Одан бөлек «Сайран» автовокзалы да жаңарады. Онда қазірдің өзінде жабайы саудалар алынып тасталыпты. Ал «Саяхаттың» тағдыры белгісіз. Айтылған кемшіліктер түзелмеген. Жиынға бекеттің директоры келген жоқ. Орнына құрылыс компаниясының өкілі келіп, алдағы 3 аптада инвестор табамыз деп сендірді.

Қоғамдық кеңеске жиналған қос автовокзал мен темір жол вокзал өкілдері өздерінің жобаларын таныстырып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Жиынға қалалық төтеншеліктер, мемлекеттік кірістер депаратаменті, жергілікті полиция өкілдері және тағы да басқа құзырлы орган қызметкерлері қатысты. Алайда, «Саяхат» автовокзалы директорының орнына құрылыс компания өкілі келіпті. Бірақ қойылған сұрақтарға мардымды жауап бере алмады. Тек алдағы 3 аптада инвестор табатынын ғана айтты. Құрылыстың тұралап қалғанына доллардың өсіп кетуін алға тартты. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселе тез арада шешілмесе, автовокзалды қалаға беруін сұраймыз, деді.

«Кезінде өкінішке орай, «Саяхат» вокзалы жабылды. Оның орнына жаңа ғимарат болады деп еді. Бірақ осы уақытқа дейін, 10 жылдан астам уақыт өтті әлі шешілген жоқ. Біз енді сұрақ қойдық. Қалаға қайтарылсын бұл жер болмайтын болса. Қолдарынан келмейтін болса», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.

Ал «Сайран» автовокзалы жақында айтылған сыннан кейін түзеле бастаған. Ондағы 40-қа жуық жабайы орындары жойылыпты. Автовокзал директорының орынбасары жақында ғимаратты жаңартатынын айтты. Нысанның 70 пайызы әйнектен тұрады екен. Сондықтан қазір тапсырыс беру мәселесі шешіліп жатқан көрінеді.

«Сайранның проблемасы - олар енді кезінде көшеді дегеннен кейін соны тосып жүрген. Бірақ дегенмен мұндай тыңдау болмаған, олар да ешкімнен сұрамаған. Енді судың да сұрауы бар дегендей, кезек келді жауап беруге. Сондықтан бұлардың да жоспары. Бірінші, КТЖ жақсы жоспар жасаған, екінші, «Сайран». Үшінші орында - енді ешқандай жоспар жоқ «саяхаттың». Үшеуінің проблемасы үш түрлі», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.

Қаланың қақпасы саналатын қос темір жол вокзалдарының өкілдері жиынға тыңғылықты дайындалып келген. Жоспар бойынша, екі ғимаратты қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстары 2020 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал жобалық сметалық құжаттар осы жылдың қарашасына дейін дайын болады деп сендірді ҚТЖ өкілі. Тіпті, вокзалдардағы қызмет сапасын көтеру мақсатында көшпелі кеңес өткізіліп, Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп «Жол картасы» да жасалыпты. 

«Қоғамдық кеңес айтқан жұмыстарын біз бірнеше тарапқа бөлдік. Бірінші тарапқа алдымыздағы мамыр айына дейін екі айда бітіретін жұмыстарды белгілеп қойдық. Ол жұмыстардың барлығы аяқталады. Мамыр айына дейін жаңағы вокзалдың өзінің сырт жағының тазалығы. Гүлдендіру, әшекейлендіру. Эвакуациялық схемалар деп жатыр. Сондай шараларды біз бастап жатырмыз», - деді «ҚТЖ» ҰК АҚ атқарушы директоры Жұбан КӨРПЕБАЕВ.

Жиынға келген автовокзал мен темір жол вокзалдарының өкілдері сын көтермейтін ғимараттарын жөндеуге уәде берді. Тек оған уақыт беруді сұрады. Қоғамдық кеңес мүшелері нысандарды барып, тексеріп тұрамыз дейді. Әрі бақылауды күшейтетінің ескертті.  

«Біз қойған ұсыныстарды кейбіреуі бір айда, кейбіреуі жарты жылда орындайтын жоспарлары бар. Біз, әрине, сол жоспарға байланысты. Бұл жұмысты қадағалап отырамыз. Сондықтан қоғамға әрқашанда сол жұмысты таныстырып отырамыз қалай жүріп жатқанын», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.

Қаперде болса, өткен аптада темір жол мен автовокзалдардың сыйқы сын көтермейтіні көрсетілген еді. Ондағы жабайы саудалардың көбейіп, билеттері заңсыз сатылатыны туралы және тағы да басқа кемшіліктері айтылған болатын. Қаланың қақпасы һәм айнасы саналатын ғимараттардың түрленіп, жаңаруы енді уақыттың еншісінде болмақ.


Өмір Әнуарбек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы