Ақпарат құралдары халықаралық шиеленістердің алдын алуға себепші бола алады. Елбасының бұл пікірі бүгін Еуразиялық медиа форумда ашық айтылды. 60 елден келген делегаттың басы қосылған жиында жалған ақпараттың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап жатқандығы талқыланды. Сандық технологияның арқасында дәстүрлі БАҚ-тың да ығысып бара жатқандығы жасырылмады.
Еуразиялық медиа форумның екінші күні - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға жолдаған хатын оқудан басталды. Президент БАҚ-тың мүмкіндігі-халықаралық шиленістердің де алдын-алуға ықпал ете алатындығын жеткізгісі келіпті. Десе де, дәстүрлі журналистикаға сенімнің азайып бара жатқандығын да жасырмады. Айтпағы, ақпарат ақиқатқа негізделген де ғана, аудиториясын арттыра алмақ.
«Классикалық журналистикада сенім азайып бара жатыр. Аудитория көбіне блогерлер мен әлеуметтік желілер сияқты альтернатив дереккөздерден мәлімет алуды жөн көреді. Дегенмен, дәстүрлі ақпарат құралдарының артықшылықтары тек жоғары кәсібилік пен ұсынатын контенттің сапасына негізделеді. Журналистика мамандығы тек қоғамға қызмет ету мен жоғары этикалық және моральдық адамгершілік құндылықтарды сақтап қалуы керек. Нұрсұлтан Назарбаев»,-деді ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.
Соңғы 15 жылдың ішінде технологияның қарқынды дамуы дүйім жұртқа пайдасы мен қатар, зор зиянын да тигізуде. Анығында, ақпараттық шабуылдың шартарапты шарлап кеткені ақиқат,-дейді ашық алаңға келген қатысушылар. Тіс қаққан мамандар, медиа тұтынушы мәліметтің рас өтірігін өзі айыра білетіндей білімін қалыптастыру қажет дейді.
«Ашық интернет алаңы тек қана талантты журналистерге ғана есік ашқан жоқ. Сонымен қатар, авантюрист, қылмыскер мен түрлі үгітшілерге де мүмкіндік берді. Бұл кез келген адамның медипроцеске қатысуына кепілдік беріп отыр. Блогерлер мен желілік авторлар беделді журналистермен бәсекеге түсіп жатыр. Соның кесірінен ірі басылымдар тираж жоғалтуда»,- деді Еуразиялық медиа форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.
Дәстүрлі түрде өтетін, бірақ Алматыда араға 8 жыл салып болып жатқан жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысып, әлемдік масс-медиа өңірлік және жаһандық соғыстың құралы болып бара жатқандығын жасырмады. Алып шаһарда республикадағы ең көп, яғни,1 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы қызмет ететін алға тартып, фейк жаңалықтарға жол бермеуді ашық алаңда алаңсыз талқылаудың сәтін сәтті пайдалануға ықылас білдірді.
«Әлемдік БАҚ көбінесе өздірінің зор мүмкіндігіне байланысты, ғаламдық және өңірлік кикілжіңдердің негізгі құралы боп жатады. Фейк жаңалықтар көп жағдайда әділеттілік пен жауапкершілікің орнын басуда. Бүгінгі БАҚ мүмкіндіктері соншалық, олар қоғамдық пікірді ғана емес, сонымен қатар, құндылықтарға деген көзқарасты өзгертіп, адам ұстанымына әсер етеді»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Ұстанымды ұтымды тұсқа бағыттау - БАҚ-тың бүгінгі басты міндеті,- дейді делегаттар. Қолында қалта телефоны бар әрбір адам желіде ақпарат таратуға қауқарлы. Әйтсе де, жалған мәлімет таратқаныңыз үшін қылмыстық жауапкершікке тартылатындығын ұмытпағаныңыз абзал.
«Адамдардың ақпаратты жан-жақты қабылдау мәдениетін көтеру керек. Бұл ретте, жалған мәліметті түбегейлі жою мүмкін емес. Адамзат бар да бұл дерттен құтылмайды. Тек адамдар өзі оқып отырған ақпараттың фейк, не шынайы екенін ажыратуды үйренуі керек»,-деді сарапшы Роджер Фиск(АҚШ).
Бүгінде әлем «кімге, тіпті, не нәрсеге сенеміз?» деген сауалға жауап іздеп қақ бөлінген шағында, ақпарат құралының рөлі қоғамдық пікірді сан-саққа жүгіртеді,- дейді форумға қатысушылар. Әдейі адастыру мен арандату БАҚ тарихындағы тың нәрсе емес екендігін есерген олар «қырғиқабақ соғысқа» жетелейтін жалған мәліметке жұрттың өзі ғана ермесе, фейк-ақпартты тұншықтыруға болатындығын айтып тарқасты.
Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы