Жаз басталысымен 9 ай бойы мектеп пен оқу орындарында білім алған жастар жақсылап демалуды аңсайды. Бірі лагерьге, енді бірі ауылына асығып жатады. Дегенмен, демалыс уақытында қосымша қаржы табуды да қалайтындар көп. Үш ай бойы еңбектеніп, ата-анасына қолғабыс болғысы келетіндер үшін Алматыда қандай жұмыстар бар? Жазғы жұмыста қалатын студенттер үшін нендей жағдайлар жасалған?
Биыл жазда жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар да жылдағыдан әлдеқайда көп. Жаз мезгілінде жұмыс істегісі келетіндер көбінесе Алматыдағы Жұмыспен қамту ортылығына келіп тіркеледі. Мұнда мектеп оқушылары мен студенттер, тіпті зейнет жасына дейінгі адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамдық жұмысқа тұра алады. Орталық осы жылдың 6 айының өзінде 2000-нан аса адамды жұмысқа орналастырған.
«Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша Жұмыспен қамту орталығы қоғамдық жұмыс бағдарламасы бойынша 191 мекемемен келісім-шартқа тұрған. Бүгінге дейін 2102 адамға жолдама берілді. Оның ішінде оқушылар мен студенттерден 47 адам жолдама алды», – дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының маманы Жансұлу ЕСЖАНОВА.
Қоғамдық жұмыстың еңбек жалақысын Жұмыспен қамту орталығы төлейді. Тағы бір айта кетерлігі, оқушылардың жасы 14 жастан асқан болуы керек және олардың өзгелер секілді 6 немесе 8 сағат жұмыс істеуіне болмайды.
«Қоғамдық жұмысқа төленетін еңбекақы - 56 мың 568 теңгені құрайды. Ал, мектеп оқушылары 4 сағатқа жұмыс жасайды. Олардың айлықтары 28 мың 284 теңгені құрайды», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының маманы Жансұлу ЕСЖАНОВА.
Ал іс-тәжірибесі бойынша 29 жасқа дейінгі жастар жұмысқа тұра алады. Олар орта мамандандырылған білімді немесе ЖОО түлектері болуы мүмкін. Бағдарламаның ерекшелігі сол, ешқандай іс-тәжірибені қажет етпейді.
«Жастар бізге келеді осында жұмыс іздеп, қолдарына дипломдарын алғаннан кейін. Одан кейін біз оларға тізімде бар мекемелерді ұсынамыз. Сол тізім бойынша олар өздеріне керекті мекемені таңдап алады. Сосын сол мекемеге жұмыс істеуге жастарды жібереміз. Одан кейін 6 ай жас маман сол жерде жұмысын атқарын жүреді, яғни іс-тәжірибе. Оның толықтай қаражатын біз төлейміз: 60 мың 125 теңге, содан 47 мың теңгені олар қолдарына алады», – деп түсіндірді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының жастар іс-тәжірибесі бойынша маманы Динара БИСЕНОВА.
Жұмысқа орналасқан жастар өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалуға мүмкіндіктері бар. Ал қаламаған жағдайда Жұмыспен қамту орталығына қайтып келіп, басқа жұмыс іздеуіне де болады.
«Қоғамдық жұмыстар көбінесе бізде білімі жоқ адамдар және де көп уақыт үйде өзінің алған мамандығымен жұмыс істемей отырып қалғандар болады, сол адамдарды біз уақытша жұмыстарға жібереміз. Бізге көбінесе мемлекеттік органдардан және жеке кәсіпкерлік мекемелерден өтінімдер түседі», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының маманы Жансұлу ЕСЖАНОВА.
Ал жастардың іс-тәжірибесі бағдарламасы бойынша биыл 600 адам жұмысқа тұрған. Әсіресе, жаз басталғалы жұмыс іздеп келіп жатқандардың қатары көп. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығына күніне 50-60 адам бас сұғады.
«Бізге мекемелер өздеріне қандай мамандар керек екенін құжат түрінде рәсімдеп тастап кетеді. Одан кейін біз сол мекемелерге солардың қалаған мамандықтары бойынша түлектерді жібере бастаймыз. Заңгер, қаржы маманы, PR менеджерлер және басқа мамандықтар сұранысқа ие», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының жастар іс-тәжірибесі бойынша маманы Динара БИСЕНОВА.
Студенттердің кейбірі өз оқу орнында Студенттік құрылыс жасағында жұмыс істейді. Екі мезгіл берілетін тамақ пен тегін жатақхана студенттер үшін үлкен жеңілдік. 6 сағаттық жұмысты ойнап жүріп жасаймыз дейді жастар. Жігіттер ағаш егу, шөп салу сынды көгалдандыру жұмыстарымен айналысса, қыздар ауланы сыпыру мен жатақхана ішіндегі тазалыққа жауапты.
«Жұмыс істегеніме бір айдай уақыт болып қалды. Маған жұмыс қатты ұнады. Тамақты дәмді пісіреді, жұмыс та қатты ауыр емес, алты-ақ сағат. 68 мың теңге төлейді. Ең қызығы, бұл жерде біз жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Өзім шынымды айтсам, жаңа таныстар тапсам деймін» , – дейді студент Әсел БИҒАЗИЕВА.
Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келетіндер қатарында радиоэлетроника, көлік жөндеу және темір жол қызметкерлері көп кездеседі екен. Дегенмен, оларға жұмыс табу көбіне қиынға соғады дейді мамандар. Ал оқушылар мен студенттер көбіне ерікті ретінде жұмыс істеуге сұранады. Орта жастағы адамдар болса әлеуметтік жұмысқа тұрғанды жөн көреді екен. Жұмыс берушілердің де өз талабы бар.
«Ұқыптылық, қалыптылық, мінездеріне қарайды көбінесе, адамдармен тіл табыса алатындарды сұрайды көбіне», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының жастар іс-тәжірибесі бойынша маманы Динара БИСЕНОВА.
Әрине, адамдар әр түрлі болған соң талғам-талап та түрлі болады. Сондықтан кейде жұмыс беруші жұмыс істеуге келген маманды ұнатпай қалса, Жұмыспен қамту орталығы берген жолдамаға себебін жазып беруі керек. Ары қарай Жұмыспен қамту орталығы бұл мәселені шешуге тырысады. Ал егер жұмыс істеуге барған адамға жұмыс орны ұнамаса, оны басқа жұмыс орнына жібереді.
Тоғжан Аман, «Алматы» телеарнасы