Доллардың қымбаттауы: үкімет үш сценарий әзірледі

17.04.2018 20:01


Үкімет рубльдің долларға шаққандағы бағамының 70-80-90 рубльге өсуін қарастыратын үш сценарий әзірледі. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенбі күні премьер-министрдің төрағалығымен макроэкономикалық және салалық әсерді талқыладық. Рубльдің долларға шаққандағы бағамының 70-80-90 рубльге өсуі мен тиісінше теңге бағамының өсуін қарастыратын үш сценарий әзірленді. Біз макроэкономикалық талдау жүргіздік, яғни доллардың өсуі біздің ЖӨІ-ге, инфляция, жұмыссыздық деңгейі мен бюджет көрсеткіштеріне қалай әсер ететінін талқыладық", — деді министр үкімет отырысынан кейін. Сүлейменов валюта нарығындағы тұрақсыздық әртүрлі салаға қалай әсер ететініне де талдау жүргізілгенін атап өтті. 

"Міне осындай жұмыстар атқарылды. Егер осы сценарийлердің бірі орындала бастаған жағдайда, біз үкімет пен ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын әзірледік. Онда бірқатар шара қамтылған", — деді ведомство басшысы. 

Ұлттық экономика министрлігі қазір валюта нарығындағы ахуал тұрақты екенін айтты.

"Біз ұлттық экономика министрлігі ретінде түрлі нұсқаны қарастыруға міндеттіміз. Бірақ бұл біздің оларға сенетінімізді немесе соны күтетінімізді білдірмейді. Сіздер қазір байқап отырсыздар, рубль бағамы 61-62 рубль шамасында тұр. Бұған бір баррелі 70- 72 долларды құрап отырған мұнайдың жоғары бағасы септігін тигізуде. Сондықтан біз валюталық канал бойынша да, макроэкономикалық канал бойынша да күрт өзгерісті күтіп отырған жоқпыз",-деді Сүлейменов.