Журналист болам деген жастарға жаңа мүмкіндік. «Алматы» телеарнасы Сүлейман Демирел атындағы университетпен бірілесе отырып байқау жариялады. Меморандум бойынша екі мекеме таланттыларды бірге таңдайды. Үздік деп танылғандар аталған жоғары оқу орнының грантына ие болады. Республикалық конкурсқа биыл мектеп бітіретін түлектер қатыса алады.
Қол алысып, қол қойылған меморандум - тілшілік қабілеті зор жас түлекті тануды әрі табуды көздейді. «Журналист болғым келеді» тақырыбында өтетін байқаудың мақсаттары мен міндеттері айқындалған құжат 8 бөлімнен тұрады. Келешегін ақпарат майданында айқындағысы келген мектеп бітіруші түлектер байқау ережесіне сай 4 беттен аспайтын эссе жазса болғаны.
«Биыл Қазақстанның телевизиясына 60 жыл. Негізі бұл конкурсты ұйымдастырудың мақсаты - журналистика саласын насихаттау халық арасында. Онымен қоса, сапасын көтеру және аталған мерекені есте сақталатындай бір арнайы шара өткізу», - деді «Алматы» телеарнасының Бас директоры Әлібек ӘЛДЕНЕЙ.
Қазақстандағы үздік оқу орындары қатарындағы Сүлейман Демирел атындағы университетте бүгінде 3 мыңнан астам студент білім алады. Олардың 130-ы болашақ журналистер. Теориялық білімді өндірістік тәжірибемен толықтыру - сауатты да, сапалы маман даярлауға зор мүмкіндік. Енді Демирел университетінің елуге жуық студенті жыл сайын «Алматы» телеарнасынан өндірістік тәжірибеден өтпек.
«Журналистика мамандығын оқытуға көптеген сын айытылып жатыр ғой. «Редакцияға келеді, не жаза алмайды, не сөйлей алмайды» деген сияқты. Зертханамен тығыз байланыста болмаса, студент онда бітіргенен кейін, онда бәрібір заман талабынан кішкене кем түсіп жатады. Сондықтан осы 3-4 курстың студенттері бізден теориялық білімдерін алды. Енді кейбір талаптарды зертханада, мамандардың жанында жүріп үйренсін деген», - деді Сүлейман Демирел атындағы университеттің журналистика кафедрасы меңгерушісі Мадияр САУДАБАЕВ.
Аймақтық деңгейден республикалық статус алған «Алматы» арнасы 2016 жылдан бастап ұлттық цифрлы хабар таратушылар тізіміне енді. Тәулігіне 17 сағат бойы хабар тарататын арнада былтыр 70-тен астам жарықтандырғыш құрылғымен жабдықталып, НD сапасында жұмыс жасайтын студия ашылды. Екі жақты келісім негізінде студенттерге дуалды оқыту жобасыда қарастырылды. Дуалды оқыту Германия, Австрия, Швейцария сынды көптеген елдерде кеңінен қолданылады. Студенттердің бұндай кәсіби ортада тәжірибеден өтіп, дуалды білім алуы қоғам сұранысына дайын маманның шығуына мүмкіндік береді.
«Меморандум арқылы оқуға түскен студент тек қана оқу ақысын төлемейді. Жатақханада бізде бәріне ақылы. -Бұл гранттың құны қанша болар еді, қазіргі нарықпен есептегенде? - Нарықпен есептегенде 3 миллионнан астам теңге. Гранттардың санын көбейтеміз», - деді Сүлейман Демирел атындағы университеттің ректоры Қанат ҚОЖАХМЕТ.
«Журналист болғым келеді» байқауы нәтижесінде жеңімпаз түлекке тегін білім гранты табысталады. Байқау қорытындысы 25 мамырда жарияланады. Ал байқауға шығармаларды сәуірдің соңына дейін Сүлейман Демирел атындағы университетке жолдау керек. Білім грантынан бөлек бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар қарастырылған. 9 сарапшыдан құралған комиссия қара сөз немесе өлең түрінде жазылған туындының логикалық мазмұнын, әдеби көркемдік жағымен қатар грамматикалық сауаттылығын әрі шығарма авторының қарым-қабілетін бағалайды. Айта кетейік, эссе қазақ, ағылшын және орыс тілінде қабылданады.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы