Алматы облысында 25 және 24 жастағы үш адам құдыққа түсіп мерт болды. Оқыс оқиға Кеген ауданының Алғабас ауылының маңында болған. Марқұм болғандардың мәйіттерін жергілікті тұрғындар 10 метр тереңдіктегі құдықтан өздері алып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқиға Кеген ауданының Алғабас ауылының маңында болған. 12 тамыз күні сағат 21:45-те төтенше жағдайлар қызметіне үш адамның құдыққа түсіп мерт болғандығы жөнінде хабар келіп түсті. Қайтыс болған адамдар 1994 және 1993 жылғы жандар. Оқиға бойынша, 3 адам бақша суғармақ болып, 10 метр тереңдіктегі құдықтың ішіне су соратын (мотопомпа) құрылғысын орнатқан. Бір адам құдыққа түсіп, шыға алмай қалған. Артынша екі адам оған көмектеспек болып құдыққа түсіп, олар да шыға алмады. Үшеуі де мотопомпадан бөлінген иісті газдан уланған. Құдықтың ішінен үш мәйіттің мүрдесін жергілікті тұрғындар алып шығып, бізге соңынан бір-ақ хабар берген», – деп мәлім етті облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.