Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі аумағындағы үш шыңға Төле, Қазыбек және Әйтеке бидің аттарымен аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде «Бұл - біздің таулар!» фестивалі басталды. Үш күнге созылатын іс-шара «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өтеді. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған фестивальге Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан 30-ға жуық альпинист арнайы келді. Биік шыңдарды бағындыруға бет алған альпинистерге Түркістан облысының ақсақалдары батасын беріп, салтанатты түрде шығарып салды.
Бұл іс-шараның мақсаты – ішкі, спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Биылғы фестиваль қазақ халқының ұлы қайраткерлері – Төле, Қазыбек және Әйтеке биге арналған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 шыңға 3 бидің аты беріліп, альпинистер сол 3 шыңды бағындырады.
Фестиваль аясында велошеру және ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама да бар.