Денис Тен жеңіске жетті

06.02.2017 21:39

Мәнерлеп сырғанаудан еліміздің мақтанышына айналған Денис Тен, қоржынымызға Универсиаданың оныншы медалін салды. 19 елден келген, 36 мәнерлеп сырғанаушының ішінен суырылып шыққан спортшы, өнерімен барша жұртты тәнті етті. Аталмыш сайыста кімдердің көш бастап, тұғырдан көрінгенін тілші тарқатады.

Қысқа бағдарлама бойынша жарыстың алғашқы күні-ақ 94,91 ұпай нәтижесімен көш бастап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Денис Тен жарыстың екінші күні де  еркін қимылымен өнеріне барша жұртты баурап алды. Еркін бағдарламада төрешілер спортшымызға 172,06 ұпай берді. Осылайша, ол қос бағдарламаның қорытындысы бойынша 266,97 ұпай жинап, бірінші орын алды.  Өзге елден келген кіл мықты мәнерлеп сырғанаушыларды шаң қаптырған Денис Тен, Универсиада ойындары үлкен тәжірибе екенін алға тартты. Ол қазір 2018 жылы Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып жатқан көрінеді. Сондықтан да,  Универсиада ойындары аламан бәйге алдындағы үлкен жаттығу деді спортшы.

«Мен үшін өз елімде өнер көрсету үлкен мақтаныш болды. Бұрын-соңды Қазақстанда мұндай жарысқа қатыспаған едім. Алматының мұз аренасында бірінші рет өнер көрсеттім. Сондықтан, қатты толқыдым, жауапкершілік те зор болды. Дегенмен, ойдағыдай сырғанап, жеңіске жеткеніме қуаныштымын»,- деді «Универсиада-2017» ойындарының жеңімпазы (Қазақстан), Денис ТЕН.

Мәнерлеп сырғанауға қатысып, бақтарын сынау үшін 19 елден 36 спортшы келді. Сайыстың екінші күні, яғни еркін бағдарламада өнер көрсетуге олардың тек 24-і ғана қатысты. Ал, жүлделі орыннан Денис Теннен бөлек жапондық және швециялық мәнерлеп сырғанаушы көрінді. Мәселен, күміс медаль  252,09 ұпай жинаған жапон мәнерлеп сырғанаушысы Кэйдзи Танакаға бұйырса, қола медальді швециялық Александр Майоров қанжығалады.

«Мен Универсиадада өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Зал көрермендерге лық толы болды. Олардың қатарында әр елден келген қонақтар мен жанкүйерлерде бар. Сондықтан, бұл Универсиада мен үшін үлкен тәжірибе»,- деді «Универсиада-2017»  ойындарының күміс жүлдегері (Жапония), Кэйдзи ТАНАКА.

«Осыдан 6 күн бұрын Австралияда Еуропа Чемпионатына қатысып, бірден Алматыға тарттым. Бірақ, мұнда келерде Универсиада ойындары осыншалықты ауқымды боларын білмедім. Шағын жарыс өтетін шығар деп ойладым. Бірақ, Универсиада ойындары тура Олимпиадамен бірдей жоғары деңгейде өтіп жатыр.  Бұл додаға қатысқаныма өте қуаныштымын»,- деді «Универсиада-2017» ойындарының қола жүлдегері (Швеция), Александр МАЙОРОВ.

Айта кетсек, мәнерлеп сырғанауда ел намысын Денис Теннен бөлек, тағы бір қазақстандық спортшы Абзал Рахымғалиев қорғаған болатын. Ол еркін бағдарламада 68,25 ұпаймен 11-орынға тұрақтаса, жарыстың жалпы қорытындысында 12-орынға тұрақтады.